Қоғамдық көлікпен қамтылмай қалған шағынаудандар зерделену үстінде

258

«Жаңа күн» бағдарламасының бүгінгі қонағы — Шымкент қалалық әкімдігі баспасөз қызметінің жетекшісі Әйгерім Жұмағұлова.

— Қала әкімі қол астындағыларға қызметтік көліктен бас тартып қоғамдық көлікпен жүруге пәрмен бергеніне көп уақыт бола қойған жоқ. Өзіңіз де қоғамдық көлік қызметін пайдаланып жатқан боларсыз?

— Күні кеше мен де оқушы, одан кейін студент болдым. Қоғамдық көлікпен жүрдім. Автокөлікке отырғаныма көп болған жоқ. Бұл проблема маған бұрыннан таныс. Жүргізушілердің жүйіткітіп айдауы, кондукторлардың дөрекі сөйлеуі одан басқа да кем-кетік әлі де шешімін таппай келеді. Бұл бастаманың басты мақсаты да сол аталған мәселені түбейгейлі түбірімен болмаса да шешіп, халықтың қарапайым сұраныстарына жауап беру. Олардың сұрайтындары әкім айтқандай аспандағы ай емес, қарапайым қызмет көрсету стандарттары, кондукторлардың, жүргізушілердің өздерін мәдениетті ұстауы, уақытылы кестеден кешікпей жүруі ғана. Ұзақ уақыт бойы тұрғындардың шағымдарына сараптама жасадық. Қоғамдық көліктердің қызметіне байланысты бір ғана инстаграм желіге күніне 200-дей шағым түседі. Уатсапқа түсетін шағымдардың 60 пайызы да осы проблемаға байланысты. Автобустардың қызметіне риза емес. Екі жыл бұрын жол жүру тарифі көтерілгенде жолаушы тасымалымен айналысатын компания басшыларына «тарифті көтеріп береміз, есесіне сіздер жаңа автобустар алып, жақсы жұмыс жасаңыздар» деген болатын әкім. Компания басшылары уәде берді. Бірақ өзгерген жағдай жоқ.

 — Әлеуметтік желілерде кері байланысқа шығамыз дедіңіз. Қаншалықты тиімді?

— Бүгіннен бастап барлық қоғамдық көліктерге плакаттар ілініп жатыр. Онда телефон нөмірлері жазылған. Соған шағымдарыңызды жіберсеңіздер болады. Әр автобустың, әр бағыттың рейтингісі жасалынады. Егер шағым көп түссе бағыттардың рейтінгісі төмендей береді. 8 апта аралығында бүкіл жұмыстардың қорытындысы жасалынып, сапалы қызмет көрсете алмаған автопарктермен келісімшарт тоқтатылатын болады.

Бүгінде қаланың аумағы үш есе өсті. Көптеген елді-мекендер қосылды. Сол елдімекендерді қала орталығының деңгейіне көтеру басты мақсат. Ең алдымен қоғамдық көлік мәселесін шешу, инфрақұрылымды дамыту тұр. Қала бюджеті шектеулі. 40-тан астам елді мекеннің барлығының жағдайын бір жылда, бір күнде жақсарту мүмкін емес. Жоғары деңгейге көтеруге, жақсартуға күш салынуда… Қоғамдық көлікпен қамтылмай қалған шағынаудандар зерделену үстінде. Қай жерде тұрғындар көп шоғырланған, жаңа автобустар соған бөлінетін болады… Әрбір көлік компаниясымен келісімшарт 3 жылға түзілетін бұрын. Осы үш жылдан кейін келісімшарт мерзімі ұзартыла ма, ұзартылмай ма белгсізі болатын. Компаниялар ары қарайғы жоспарларын құра алмай-тұғын. Әкім «жаңа автобус алыңыздар, қосыңыздар, көбейтіңіздер, келісімшартты 10 жылға созып береміз» деп ұсыныс айтып отыр.

— Шенеуніктердің қоғамдық көлікте жүруі еліміз бойынша қызу пікірталасқа ұласты. Ал сол қызметтік көліктерді жүргізушілердің еңбек құқығын шектеу емес пе? Жалақысыз қалмай ма деген сауал туындайды. Қалай дегенмен де әрқайсысы отбасын асыраушы ғой…

— Жүргізушілер аппарат басшысының бұйрығымен ақысы төленбейтін демалысқа жіберілген. Дегенмен оларға 50 пайыз жалақысы төленеді. Еңбек кодексі бойынша құқығы бар. Көліктерді ұстауға кететін шығын үнемделіп әкімдік қызметкерлеріне сыйақы ретінде берілетін болады.