Қырық жыл бойы қалалықтардың қоқысы тасталған 34 гектар алқап дендросаябақа айналады. Бүгінгі таңда «Нұртаңы строй» серіктестігі полигонның орнын тегістеп, қажетті инфрақұрылымын жүргізіп жатыр. Алдағы көктемнен бастап мұнда ағаш көшеттері егіледі деген жоспар бар. Осылайша Шымшаһарда демалушылар үшін жайлы орындардың саны артпақ.
Осыдан екі жыл бұрын қоқыс полигонында рекультивация жұмыстары жүргізілген. «Ақорда» корпарациясы қоқыстың үстін арнайы технологиямен жапқан еді. Енді бұрынғы қоқыс орнын демалыс аймағына айналдыру үшін бюджеттен 600 млн теңгеден астам қаражат бөлініп, жұмыстың алғашқы кезеңі басталды. Бұл жолы мердігерлер келушілерге арнап 500 орынды автотұрақ, үш ұңғыма және электр станциясын салыпты. Ал ағаш көшеттерін егу келесі жылдың көктемінде басталады.
Ал кеңестің көзі болған Металлург саябағы бүгінде көздің жауын алады. Жап-жасыл саябақта серуендеп жүргендердің сөзіне сенсек, биыл бұл саябақ кісі танымастай өзгерген. Қураған ағаштар бұталып, ал тұрғындар иттерін серуендететін жерлер қоқыстан тазартылған. Көкмайса егілген. Спорт элементтері орнатылып, жарық желісі жүргізіліпті. Саябақ көпшіліктің орны болсын деп қоршауы алынып тасталған. Бұл жұмыс қалалықтардың көңілінен шығып отыр.
Осылайша Шымшаһарда саябақ саны артып келеді. Қараусыз қалған демалыс орындары жаңалынып, жасыл қалаға көрік беріп тұр. Келер жылы олардың қатары тағы артады деген сенім бар.
Нұрлан Күдерұлы