Қазылған көшелер қалпына келтірілуде

369
Қазылған көшелер қалпына келтірілуде

Шымкентте қазылған көшелерді қалпына келтіру жұмыстары басталды. Қаладағы Клара Цеткин және Қапал батыр көшелерін жөндеу қарқын алған. Естеріңізге салар болсақ, бұл көшені осыдан екі жыл бұрын қазып, кәріз жүйелерін жүргізген болатын. Сол кезде құрылыс аяқталғанымен жолды қалпына келтіру жұмыстары ұмыт қалған. Биыл жергілікті тұрғындардың айқайынан кейін, қала әкімі қарамағындағыларға қатаң тапсырма берді енді күн суымай қалпына келтіру жұмыстары аяқталуы тиіс.

Өз міндетіне немқұрайлы қараған мердігер компанияға 2 миллион теңгеден аса айыппұл салынған. Оны да елемегені үшін 22 млн теңгені тағы төлеуі мүмкін. Бүгінгі таңда мердігер «Грантел» компаниясының ісі сотқа тапсырылды. Содан болар, серіктестіктің мамандары үш күннен бері жіберген қателігін жөндеуге кірісіп кетіпті. Бірақ ұзындығы 4 шақырым көшеде төрт жұмысшы мен бір техника ғана жүр. Қазылған жерге асфалть төсейміз дейді. Құрылыс басына келген техникалық инспекцияның басшылары мердігерлерге жұмысшы санын көбейтуға тапсырма берді.

Әуелхан Өтелбаев, техникалық инспекция басшысы: «Бүгін асфальт төсеуі тиіс. Жасыратыны жоқ, өткен жылы бұл мекеме қазылған жерлерді тегістеп асфальт төсеген еді. Бірақ ол жауын-шашында отырып қалды.»

Осы көшеде құрылыс жұмысын жүргізген тағы бір мекеме — «Су ресурстары Маркетинг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты «Инновация -7.» Көше тұрғындарының айтуынша, олар өз уәделерінде тұрып, бұзылған жолды жамаған. Десе де ауыл халқы бірнеше жылдан бері тек жамалып жүрген көше толықтай жөнделсе дейді.

Әзірге Клара Цеткин және Қапал батыр көшесінің тұрғындары ойлы-шұңқырлы жолмен жүруге мәжбүр. Бюджеттен 470 млн теңге алып, көшені бұзған мердігер уәдесінде тұрса, суық түспей жол жөнделеді деген сенімде.

Нұрлан Күдерұлы