Қорымды қоршауға 9 млн теңге жетпей қалды ма?

726

100 жылдық тарихы бар қорымды қоршау үшін 9 млн тенге қаражат бөлінген. Алайда сол қомақты қаражатқа жасалып жатқан жұмыстар қадағалаусыз қалыпты. Мәртөбе тұрғын алабындағы мазарға келген ауыл тұрғындары сапасыз жұмыстары көріп, алаңдаушылық танытып отыр.

Осы қорымға жерленген ата-бабаларына құран бағыштай келген Оразалы Кенжебеков мазардың қоршалып жатқанын естігенде қуанғанын жасырмайды. Алайда құрылысты көзімен көріп, жағасын ұстады. Айтуынша, қоршау үшін пайдаланып жатқан материалдардың сапасы сын көтермейді. «Өлілер сөйлемейді»- деп ойына келгенді жасауға болмайды», — дейді Оразалы.

Ашынған ауылдықтар бюджеттің қомақты қаражатын қалтаға басқан мердігерге өкпелі. «Айст» корпорациясының басшылары құрылысқа арзанқол көрші елдің азаматарын жалдады деп те шағымданады. Шетелдік жұмысшылардың қолдарында арнайы жасалған жоба түгілі сызба да болмағанын айтады. Ең сорақысы, осының бәрін қадағалайтын бір жауаптыны жолықтырмаған.

Құрылысқы тапсырыс беруші ТҮКШ бөліміне бірнеше рет қоңырау соғып, мердігер мекеменің өкілін таптық. Бірақ, мардымды жауап болмады. Айтуынша, құрылысқа тапсырысты тек ауызша алған екен.

Сала мамандарының айтуынша, алдағы уақытта осындағы 1892 жылы пайдалануға берілген христиан қорымы да қоршалады. «Сол кезде құрылысқа бөлінген қаражат қадағалаусыз қалмайды»,- деп сендірді.

Нұрлан Күдерұлы