Өнер өлкесінде өзіндік өрнегін салып жүрген талай тарландар оңтүстіктен қанат қаққан. Солардың қатарына тағы бір өнер жұлдызы қосылды. Қызылорда облысында өткен КСРО Халық әртісі, Халық Қаhарманы Роза Бағланованың 95 жылдығына арналған lll Республикалық «Ақмаңдайлым» әншілер байқауының бас жүлдесін Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармония әншісі Мағжан Әлтенбаев иемденді.
Еліміздің түкпір-түкпірінен келген талай әншілердің арасынан оза шауып бәйге алған таланттың жеңісіне жерлестері бек қуанулы. Кіл мықтылардың арасында кім мықтыны анықтау қазылар алқасына оңайға түскен жоқ. Ерекше дауысымен сахнаны қоңыраулы қоңыр үнге толтырған жас дарынның өнеріне жиналғандар тәнті болды.
Өзіндік үні бар талай әншінің арасынан қара үзіп дара шыққан күнгейлік дарынның жүлделі марапатын ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, қазылар алқасының төрағасы Кеңес Дүйсекеев табыстап, өнер жолына сəттіліктер тіледі.