«Жаңа күн» бағдарламасының бүгінгі қонағы жас ақын Сүндет Сейітов
-«Ақын мен әнші» атты жоба өтті Шымкентте. Сөз қадірін түсінетін, әдебиетке жанашыр өзіңдей ақындар жүрді осы бастаманың басында. Роза Әлқожаның өзі хабарласып ұсыныс тастады ма?
-Осыдан екі-үш ай бұрын Роза Әлқожа қаламызға келгенде «бұл жоба алғаш ақындардың мекені Қарағандыда өткен болатын. Енді «Ақын мен әнші» жобасын осында өткізсек» деп ой тастады. Бұл бұрын соңды болмаған жоба. Әншіні танимыз да, ақындарды көпшілік тани бермейді. Хит әндердің сөзін жазған ақындар жақсы танылып жүр. Қайнар Алагөзов, Аян Сейітов, Ринат Зайытов әнге мәтін жазып танымалдылыққа ие болды. Қазақтың ән тарихында кейбір авторларды халық біле бермейді. Осы жобаны алғаш Роза Әлқожа ұсынды. Ары қарай алып кеттік. Тамыз айында дайындықты бастадық. 20 қазанда сәтті өтті. Алдағы уақытта да дәстүрлі түрде өткізіп тұрсақ деген жоспарымыз бар.
— «Ақын мен әнші» жобасында бұрын ел танымайтын, жас ақындар жарқ етіп шықты. Қарағанды, Қызылордадан ақындар келді. Жас ақындардың өзара байланысы жақсы сияқты…
— Бақытжан Алдиярдың осыдан 10 жыл бұрын айтқан сөзі бар еді «Артыма қарайлауға қорқамын, өзімнен кейін артымнан ерген жас ақындар жоқ» деп. 2010 жылдан бері қарай өзіміздің буындағы жас ақындар көптеп таныла бастады. Өзіндік үлгісі, өзіндік стилі бар ақындар қалыптасып келеді. Олар санаулы ғана емес, көп. Сондай әдеби ортада тек оңтүстік қана емес Алматы, Қарағанды, Қызылордадағы ақындармен шығармашылық байланыстамыз. Олардың шығармаларымен танысып, біліп отырамыз. Пікір алмасамыз. Кеште оңтүстіктегі талантты ақындарды таныстырып өттік. Шығармашылық байланыс өте кең. Жоғары деңгейде. Әлемде ақыны жоқ елдер көп. Ақыны болғанымен оқылмайтын елдер көп. Біз қуануымыз керек. Әдебиет артта қалғанымен оқылады. Өйткені өзіндік деңгейде емес, ХХ ғасырда ақын әкіммен бірдей саналатын. Ақын келсе әкім орнынан тұрып амандасатын. Үрдіс үзіліп қалғанымен сол дәстүріміз қайта қалыптасып келеді. Алдағы 20-30 жылда ақындардың деңгейі, ақындардың мәртебесі өткен ғасырдағы деңгейге жетеді деп ойлаймын.
— Кешегі өткен кеш ақындардың мәртебесін көтеріп тастаған сынды. Қызыл кілемде жүріп өтті. Оның өзі де заманауи ақындарды дәріптеудің бір түрі. Ақындар көп болды. Шыға алмай қалғандар тарапынан өкпе ренішін білдіргендер болған жоқ па?
— Әрине өкпе-реніш естідік. Оларға түсіндірдік. Басында көштен қалып қойғандар болды. Өз еркімен шықпай қалғандар бар. Оңтүстікте аты шыққан танымал ақындар Батырхан, Мақпал Төребек бар. Оңтүстік өнер дамдарына бай мекен ғой. Ақындарымыз белгілі бір себептерге байланысты келе алмай қалды.
— Кеш поэзиямен басталып, поэзиямен қоштасу болды ғой. Көрермендер кетпей қошемет көрсетіп тұрып алды. Рухани ләззәт сыйлайтын, рухани әдемі әсер сыйлайтын ақын-әнші-сазгердің үштігін қажет ететін осындай керемет кештерді жиі өткізу қажет секілді…
— Биыл алғашқы қадамды жасадық. Алдағы жылдары дәстүрлі түрде өткізіп тұрамыз деген жоспарымыз бар…