Мақтаарал ауданында ОҚО Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы аналар кеңесінің көшпелі отырысы өтті. Іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Мақсат Жолдасбеков, ОҚО Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы аналар кеңесінің төрайымы Балхия Көмекбаева және осы ұйымның мүшесі Зоя Сейітбекова қатысты.
Балхия Көмекбаева болашағымыздың инвестициясы саналатын жас ұрпақты тәрбиелеудегі аналардың орны мен рөлі туралы айтып, бүгінгі таңда қазақ қоғамында орын алып жатқан кейбір келеңсіз оқиғаларға тоқталып өтті. Жетімдердің көбеюі қазіргі заманның қасіреті екенін айта келіп жастардың, әсіресе қыз балалардың тәрбиесіне үлкен мән беру керектігін ескертті.
Мақтарал аудандық аналар кеңесінің төрайымы Рахила Басымбекова ұйым тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға есеп беріп, мақтаралдық қыз балаларды тәрбиелеуде үлкен жобалар қолға алынғандығын атап өтті. Құрамында әртүрлі мамандары бар жұмысшы топ құрылып, олар бүгінгі күнге дейін жоғары және арнаулы оқу орындарында, мектептерде қыз балаларға семинар-кеңес өтіп, қабылдаулар жүргізген. Сондай-ақ, жастардың арасында құқық бұзушылық пен кіші бұзақылықтың алдын алу мақсатында «Жастар ресурстық орталығы» тарапынан көптеген спорттық, мәдени және рухани іс-шаралар атқарылып келеді.
Ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Пердеш Есенбеков: «Ұлы жазушы М.Әуезов «Қазақ, ел болам десең — бесігіңді түзе, бесігіңді түзегің келсе — әйеліңнің халін түзе» деп айтқан. Қазіргі таңда көбінесе баланы тәрбиелеу — үйде отырған аналарға жүктеледі. Одан әрі қарай балабақшада да, мектепте де білім мен тәрбие беретіндер көбінесе әйел кісілер. Бұл — білім саласында ер кісілердің аз болуымен байланысты. Сондықтан да, болашағымыз саналатын жас ұрпақты тәрбеилеудегі әйелдерге жүктелетін міндет аса жауапты. Ол үшін болашақта бала туып ана атанатын, баланы тәрбиелейтін бүгінгі қыз балаларымыздың тәрбиесіне, ар-намысына үлкен жауапкершілікпен мән беруіміз керек» деді.
Мақтаарал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі