Шымкент қаласында «Туған жер-алтын бесігім» атты облыстық фестиваль аясында Төлеби ауданының күндері өтті. Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру мен Оңтүстік Қазақстан облысының 85 жылдығына орай ұйымдастырылған фестивалға 600-ге жуық төлебилік өнерпаз қатысып, онға жуық іс-шара ұйымдастырылды.
Шымкент қаласындағы Әкімшілік іскерлік орталығында ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің дәстүрлі «Алтын күз – 2017» жәрмеңкесінен бастау алған шараға Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев қатысты.
Онда әкім, гобелен өнерінің қас шебері Қ.Тыныбековтың 70 жылдығына арналған қылқалам, қолөнер шеберлерінің көрмесін, ауыл шаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесін және «Төле би барысы» облыстық ашық турнирін тамашалады.
Бірнеше айға созылған «Туған жер — алтын бесігім» атты облыстық өнер фестивалі Шымкентті думанға бөлеп жатқанын айтқан әкім, фестивалді жоғары деңгейде ұйымдастыруға атсалысқан барша азаматтарға алғысын жеткізді.
«Бұл ауқымды шара аудан-қалалардың мәдениеті мен руханиятының көрінісінен бөлек, әлеуметтік-экономикалық өркендеуін де айғақтап отыр. Бұл облыстық іс-шарамыз Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар» рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы «Туған жер» бағытымен тікелей үндесіп жатыр. «Көктемнің бір күні жылға азық» дегенді өз басынан өткерген шаруаның ерте көктемнен тыным таппай атқарған еңбегінің рахатын көретін кезі – осы қоңыр күз. Төлебидің ауылшаруашылық саласының қызметкерлері жылды жақсы қорытындылады. Бұған дәлел – бүгінгі жәрмеңкедегі санына сапасы сай азық түліктің барлық түрін, оған деген халықтың қызығушылығы мен жақсы сұранысын көріп отырмыз. Сондықтан аграрлық сектордағы жетістіктерімізді барша облыс еңбеккерлерінің ортақ жеңісі деп бағалаймыз»,-деді әкім.
Бұдан бөлек, төлебиліктер келушілерге дәмі тіл үйірер Диханкөл қымызын тегін таратып, «Сірге мөлдіретер» дәстүрі мен «Марқа көтеру» балуандар және мергендер сайысын ұсынды. Іс-шара барысында ұлттық-мәдени орталықтарының ас мәзірінен көрме, «Алтыбақан» ойын-сауық отауы аясында «Сақина салу» ойындарын ұйымдастырды.
Дәл осы күні Ж.Шанин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрында «Жебе» халықтық драма ұжымының Әділбек Бекбосынұлының «Төле бидің төрелігі» атты арнайы қойылымы қойылды. Туындыда 1725 жылғы оқиға көрініс тауып, сипатталды. Сондай-ақ «Отырар» облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында ақын, журналист, ғалым, баспагер, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты Темірғали Көпбаев пен аудандық «Төлеби туы» қоғамдық-саяси газеті редакторының орынбасары, Орынбасар Сүттібаевтың оқырмандармен кездесу кеші өтті. Шара соңы аудандық көркем өнерпаздардың Гала-концертіне ұласты.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі