Косметолог кеңесі: бетті ағартудың, әжім кетірудің тиімді тәсілі

10306

«Жаңа күн» бағдарламасының бүгінгі қонағы косметолог Тыныштық Тұрсынбаева бет күтіміне байланысты пайдалы кеңестерімен бөліседі.

Маусым ауысарда яғни, күз бен қыс айларының аралығында бет күтімі қыз-келіншектерді жиі мазалайтыны рас. Осы кезеңдегі бет күтімі туралы айта өтсеңіз…

– Адамның бет әлпеті ішкі ағзаларының көрсеткіші болып саналады. Яғни, ішкі ағзалар аурудан аман болса адамның бетінде дақ болмайды, жылтырап, әсем көрінеді. Безеу болмайды. Бір мезгілден екінші мезгілге ауысар шақта бет түлеу, құрғау мәселесі мазалайтыны белгілі. Дегенмен ажарымыздың қандай болуы ауа-райының ауысуына қатысты емес. Негізінде дұрыс тамақтану да ағзаның сау болуымен қатар, беттің ажарлануына да көп септігін тигізеді. Қымбат, қолжетімсіз жақпамайларды жаға бермей, дұрыс тамақтануды реттеу қажет. Акне, безеу, босанғаннан кейінгі қара дақтар…

Бұл адамның түрлі ағзаларының ауруынан хабар береді. Бүгінде өте қымбат бағалы кремдер көп. Нешетүрлі фирмалар да көп. Соған жүгіре бермей қолымызда бар, қолжетімді, бағасы да тиімді нәрлі жеміс-жидектерді, тағамдарды пайдалануға болады. Асқазан, ішек, бауыр, бүйректің аурудан аман болуы ол бет келбетінің тікелей көрсеткіші. Клиенттердің бет әлпетіне қарап қай ағзасы ауыратынын айтып беруге болады. Беттің астыңғы жағы, иектің асты, тамақ, мойын жағы әжімденсе, түсі өзгеріңкіреп тұрса, онда әйел баласының жыныстық ауруымен ауыратынын білдіреді. Көздің айналасындағы әжім, безеу болса жүректің, асқазанның проблемасы бар деген сөз. Сондықтан жейтін тағамдарды мезгілімен, дұрыс пайдаланса аурудың алдын алуға болады.

Күз маусымында қандай тағамдар жеген дұрыс?

– Оңтүстігімізде күннің ультракүлгін сәулесі көп. Сол үшін бетімізде әртүрлі дақтар пайда болады. Күннің астында қарайып, күнге күю проблемасы мазалайтыны рас. Мұндайда бетті ағарту проблемасы туындайды. Мұндайда имбирдің көп пайдасы бар. Ол әйелдердің, ерлердің несеп жолдарына ем, еркектік күшті көтеруге, иммунитетті көтеруге септігі зор. Күзден қысқа ауысатын мезгілде беттің қабыршықтануы, түлеуі дәрумендердің жетіспеуінен болады. Имбирді таңертең үккіштен өткізіп, ашқарынға, жылы қайнаған суменен ішуге болады. Иммунитетті көтереді, денсаулыққа өте пайдалы. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дегендей бар аурудың алдын алуға болады. Косметология жағына келсек, беттегі әжімді кетіреді, жүкті кездегі пайда болған қара дақтарды кетіруге болады. Зәйтүн майын қосып майдалап, бетке жарты сағат жағып қойса, бетті ағартып әжімді кетіруге көп көмегі бар.

30 жастан асқан соң бетке көп күтім қажет дейміз. Жақпамайлар беттің нәрін алып қояды дейді…

– Бет-әлпетті 18 жастан, 30 жастан бастап күту керек деген дұрыс емес. Денсаулықты бала жастан бастап күту керек. Сол кезде жақпамайлар қажет емес. 14-15 жастағылар беттегі акне, безеу проблемасымен көп келеді. Жастар «көйлекті жаңа кезден, денсаулықты бала кезден сақтау қажеттігін» қаперлерінде ұстаса екен. Ол үшін дұрыс тамақтану керек, денсаулықты күту қажет. Жейтін тағамға басты назар аудару қажет. Негізінде акне бауырдың мәселесі. Ағзада 80-нен жоғары түрлі құрттар бар. Қанның түйіршігінде жүретін құрттар бар. Соларды кетіру үшін сарымсақты көптеп пайдалану керек. Асқабақты «жәннәттың тағамы» дейді. Ол бауырды тазалайды. Бауыр тазаланған соң ағзадағы, қан айналымында болатын қызыл түйіршіктер де тазарады. Бауыр таза болған соң бет те таза болады. Асқабақ дәнегі де іштегі құрттарды кетіруге көмектеседі. Итмұрынды қыс бойы ашқарынға шәй ретінде демдеп ішсеңіз, иммунитетті көтереді.