Мүмкіндігі шектеулі жандар баспанаға қалай қол жеткізе алады?

3841

«Ерекше жандар» бағдарламасының бүгінгі қонағы Шымкент қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің сектор меңгерушісі Жұлдызай Ордабекова. Тұрғын үйге қол жеткізе алмай жүрген мүмкіндігі шектеулі жандардың сұрақтарына жауап берді.

Бүгінгі күні тұрғын үй кезегінде тұрған мүмкіндігі шектеулі жандар қаншалықты тұрғын үймен қамтамасыз етілуде?

– Қала бойынша тұрғын үй кезегі 5 тізім бойынша жүргізіледі. Бірінші кезекте Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары, жетім және ата анасының қамқорлығынсыз қалған балалар бұл екі топқа тұрғын үйлер бірінші кезекте беріледі. Одан соң халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобы деген тізім бар. Оған мүгедек жандар яғни, І, ІІ топтағы мүгедектер және мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар кіреді. Қала бойынша 32 640 азамат тұрғын үй алуға тіркелген болса, оның ішінде әлеуметтік жағынан әлсіз топ бойынша 11 945 азамат тіркеуде тұр. Оның ішінде мүгедек жандар — 2 500.

Мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар 1 300. Ескеретін бір жәйт, қазіргі таңда 1-ші және 2 -ші топтағы немесе мүгедек бала тәрбиелеп отырғандарға арнайы бірінші кезекте тұрғын үй бөлу деген мүмкіндіктер қарастырылмаған. Тек қана кезек ретімен беріледі. Оларға бір ғана қабаттылығы жағынан таңдау мүмкіндігі бар. Бірінші, екінші қабаттан таңдай алады немесе лифтісі бар үйден ала алады. Олардың барлығына тұрғын үй кезек ретімен ғана шешіледі.

– Кезекке тұру үшін қандай құжаттар тапсыру қажет?

– Кезекке тұру үшін міндетті түрде қалада тіркелген болуы ерек. Соңғы 5 жыл көлемінде отбасы иеліктерінде тұрғын үй тіркелмеуі керек. Халыққа қызмет көрсету орталығына барып кезекке тұруына болады. Ол үшін құжаттар тізімі бекітілген. Атына мүлік тіркелмегендігі, мекен жай анықтамасын ХҚКО-на алады. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінен халықтың әлсіз тобына жататынын растайтын анықтама алады. Жеке басын куәландыратын құжат, неке тіркеу куәліктері қажет.

Көптеген жандар «қалада үй беріліп жатыр, кезегіміз жылжымайды» деп ренішін білдіріп жатады. Осы уақытқа дейін мүгедек жандарға қанша үй берілді?

– Негізі 2005 жылдан бері қарай 2010 жылға дейін тұрғын үй құрылысы тоқтап қалды. Кезек жылжыған жоқ. 2010 жылы — 56 пәтер, 2011 жылы — 54 пәтер, 2012 жылы — 60 пәтер, 2013 жылы — 171 пәтер, 2014 жылы — 144 пәтер берілді. 2016 жылы әкімшілік іскерлік орталықта 19 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, 2 024 пәтер берілді. Оның ішінде мүгедек жандар да бар. Мүгедектерден басқа 11 санат бойынша берілді.

Көрермен сауалы: – Әйелі де, күйеуі де мүмкіндігіі шектеулі жандар болса үй ала алады ма, оған қаржы төлей ме?

– Жаңа айтып өткенімдей мүгедек болса кезекке тұра алады. Сол бойынша алуға мүмкіндігі бар. Қаржысын әрине төлейді. Коммуналдық тұрғын үй қорынан берілетіндіктен пайдаланғаны үшін ақша төлейді. Министрліктің есебі бойынша ай сайын төлем төлейді.

Пәтер берілетін кезде санат бойынша теңдей бөлінеді ме?

– Тұрғын үй қорынан қаншалықты пәтер келеді соның 20 пайызы ең алдымен жетім балаларға беріледі. Одан кейін әлеуметтік жағынан әлсіз тобы мүгедектер, баласы мүгедектерге бөлінеді. Бұдан бөлек 10 санат бар. Оларға көп балалы отбасылар, толық емес отбасылар жатады. Мемлекеттік қызметшілер, әскерилер, жалғыз үйі апатты деп танылған үй иелері үш кезекке пропорция бойынша бөлінеді. Мемлекеттік қызметшілердің төлем қабілеті жоғары болғандықтан ҚИК, ТҮЖҚБ-не өтіп кетеді. Ол жақта кезек жылдам жылжитыны белгілі. Бұрын «Бәйтерек», Қазақстанның ипотекалық компаниясы 1-ші, 2-ші топтағы мүгедектерді санатқа қоспайтын. Бүгінде заңға өзгеріс енгізілді. Мүгекдетер төлем қабілетін растаған жағдайда үй алуға мүмкіндігі бар.

– Өз кезегін әлеуметтік желілер арқылы бақылап отырса бола ма?

– Электрондық үкімет порталының сайтынан көруге мүмкіндіктері бар. Өз кезектерін ЖСН нөмірлері арқылы, ЭЦҚ арқылы көруіне болады.

Сұхбаттасқан: Мадина Ермаханова

Анықтама үшін: Шымкент қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің мекенжайы: Рысқұлов көшесі, 8 а. Байтұрсынов көшесінің қиылысы.
Тел: 41 70 97, 41 70 96