Өрт қауіпсіздігі қызметі облыс әкімшілігіне айыппұл салды. Өйткені 16 қабатты мемлекеттік ғимаратта өрт қауіпсіздігі сақталмаған болып шықты. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық бақылау және профилактикалық қызмет басқармасы бастығының орынбасары Бауыржан Ізбасаров мәлімдеді.

Облыс әкімшілігінің 16 қабат ғимараты бірден көзге түседі. Шымкент қаласы көлемі жағынан үлкен болғанмен, мұндай жоғары қабатты ғимараттар санаулы ғана. Биік нысандардың өрт қауіпсіздігі барлық жағдайда сақталмайтын болып шықты. Мәселен облыстағы ең маңызды нысан- облыс әкімшілігінің ғимаратына жауаптыларды төтеншеліктер өрт қауіпсіздігін сақтамағаны үшін жауапқа тартқан.

Бауыржан Ізбасаров: «Біз тексерген кезде әкімшілік ғимаратының кейбір жүйелері істемей қалған. Айыппұл салынды. Ұйғарым берілді. Өрт сөндіргіштер толтырылмаған. Облыс әкімшілігіне 58 мың теңге айыппұл салынды. Айыппұл салынған соң екі ай мерзім беріліп бақылаулық тексеру жүргізілді. Нәтижесінде ғимаратта анықталған кемшіліктер жойылған соң, өрт қауіпсіздігінің талабына сай деген қорытынды бердік.»

Айта кетейік, облыста жоғары қабатты ғимараттардың саны – 72. Өрт қауіпсіздігінің талабына сай мұндай нысандарда дабыл қаққыш, лифт, автоматты өрт сөндіру қондырғысы мен су құбырлары және желдеткіш жүйесі міндетті түрде болуы тиіс.

Көпқабатты нысандардың басым бөлігі мемлекеттік бағдарлама арқылы салынған нысандар. Үкімет жылда жаңа ғимараттардың санын көбейту арқылы баспанасыз азаматтарды қуантуда. Бірақ шенеуніктер баспаналы болған отбасылардың санын көбейткенмен, өрт қауіпсіздігі талабын сақтауға мән бермейді. Мұны өрт қауіпсіздігі қызметі де растап отыр.