«Оңтүстік ғажайыптары» байқауының жүлдегерлері марапатталды

Шымкентте әлеуметтік желі қолданушылары арасындағы «Оңтүстік ғажайыптары» облыстық байқауы қорытындыланды. 20 қазан күні байқау жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті, деп жазады «Шымкент келбеті» басылымы.

«Оңтүстік ғажайыптары» байқауының жүлдегерлері марапатталды

Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі саясат басқармасының тапсырысымен ұйымдастырылған іс-шараның мараттауына облыстық ішкі саясат басқармасының қоғамдық ұйымдармен жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы Қайрат Сүлейменов, Қазақстан журналистер одағының ОҚО филиалының төрайымы Айгүл Қапбарова, «Отырар» телеарнасының редакторы Зәуре Оралбаева және басқа журналистер мен блогерлер қатысты.

Қатысушылар биылғы наурыз-қыркүйек айлары аралығында Оңтүстік Қазақстан облысының 85 жылдығы, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, тарихы мен шежіресін, ұлы тұлғалар мен олардың туындыларын насихаттау бойынша өз жұмыстарын жариялаған болатын.

«Оңтүстік ғажайыптары» байқауының жүлдегерлері марапатталды

Сонымен, байқау қорытындысы бойынша І орын жүлдесі (300 мың теңге) 2 адамға бұйырды. Олар – Кеңес Исмаилов және Дастан Баширов. ІІ орынды (200 мың теңге) 3 қатысушы иеленді – Өмір Шыныбекұлы, Бейбіт Бертаев және Сәбит Сапарбеков. Ал ІІІ орын (150 мың теңге) Сұлухан Мыңбаева, Айгүл Амитова, Жібек Архабаева, Төлеген Ахметовке табысталды.

Сонымен қатар, ереже бойынша байқауға қатысқан 7 үміткерге ынталандыру сыйақысы (100 мың теңге) берілді. Олар – Дәурен Айманбетов, Тоған Жайлауов, Ақмарал Ғаниқызы, Ержан Сейдазимов, Ерлан Сыздық, Хамид Мүтәлиев және Мейірман Сауранбеков.

Іс-шара барысында танымал журналист Кеңес Исмаилов бұл байқаудың жазбаларын өзге облыстағылар және шетелдіктердің де қызыға оқығанын айтты. Ал тарихшы, байқаудың белсенді қатысушысы Өмір Шыныбекұлы «Оңтүстіктің ерекше жерлерін әлі де болса көбірек насихаттау керек. Бұл өңіріміздің әлі ашылмаған жаңа қырларын танытуға мүмкіндік береді. Мәселен, байқауда кітапқа түспеген мәліметтер айтылды. Бұның өзі көп нәрсені аңғартса керек» дейді.

Айта кетейік, байқауға 30 аса үміткер қатысып, 16 жүлдегер марапатталды.

Фото дереккөзден және Асхат Шотаевтың фэйсбуктегі аккаунтынан алынды