Оңтүстікте жаңа әуежайдың жобасы жасалуда

362
Оңтүстікте жаңа әуежайдың жобасы жасалуда

Шымкентте заманауи үлгіде жаңа әуежай құрылысы басталмақ. Аталған жоба қолданыстағы әуежайдың тиімсіз болуына байланысты қолға алынып отыр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Еркін Жүсіпов мәлімдеді. Сондай-ақ, жуырда шаһардағы теміржол вокзалының заманауи келбетін анықтап, жолаушылардың техникалық қауіпсіздігін сақтау мақсатында жаңа эскиздік жобалары әзірленіпті.

— Қазіргі қолданыстағы әуежайдың қорғаныс министрлігінің теңгерімінде болуына байланысты жаңа әуежайдың 3 жаңа нобайын әзірледік. Алғашқы нұсқа бойынша әуежай қазіргі әуежайдың оңтүстік-батыс бөлігінде орналасса, екінші нұсқада Ордабасы ауданының аумағында, ал үшінші нұсқада Шымкент қаласының солтүстік жағындағы аумақта орналасатыны көрсетілген, — деді Еркін Жүсіпов.

Басқарма басшысының айтуынша, өңірге туристерді көптеп тарту мақсатында Тараз, Қызылорда, Ташкент бағыттарынан облыс аумағына кіреберіс қақпалар мен белгілердің жаңа нобайлары жасаланыпты. Сонымен қатар, Батыс Европа — Батыс Қытай’ халықаралық көлік дәлізінің 8 аудан аумағынан өтетін бөлігінде бой көтеретін 39 қызмет көрсету нысанының эскиздік нобайы да әзірленіп, облыстық қала құрылысы кеңесінің талқылауына ұсынылған.

Қазіргі таңда облысымыздағы тұрғындар саны 5 мың адамға жететін елдімекендерді дамыту мен құрылыс салу сызбаларын қамтамасыз ету 55 пайызды құрайды. 2016 жылы 114 елдімекеннің сызбасын әзірлеу жоспарланса, бүгінде оның 104-і дайындалған.

Бұдан бөлек басқарма облыс әкімінің тапсырмасымен 40 қабатты «Шымкент тәжі» тұрғын үй кешенінің нобайын әзірлеп бітірген. Сонымен қатар Шымкент қаласының бас жоспарына сәйкес өндіріс және базарларды, сауда орталықтарын қалаорталығынан сыртына көшіру нұсқалары ұсынылған.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі