ОҚО халыққа әлеуметтік көмек көрсетуде көш бастап тұр

491

2018 жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек форматы өзгереді. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының өкілдері осынау жаңалықтарды халыққа түсіндіруді бастап кетті. Сайрам, Төлеби аудандарының салаға жауаптыларын оқыту семинары өтті. Онда Елорадада осынау тақырып аясында білімін жетілдіріп қайтқан арнайы мамандар атаулы әлеуметтік көмек көрсету тәртібінің өзгерістерін жан-жақты түсіндіріп берді.

Жаңаша атаулы әлеуметтік көмекті тағайындаудағы басты мақсат — халықты масылдықтан арылтып, осынау жәрдемге мұқтаждарды кедейшілік құрсауынан шығару. Бұл көмек табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің жартысынан төмен отбасылар мен азаматтарға шартсыз немесе шартты ақшалай көмек түрінде тағайындалады. Шартсыз ақшалай көмек еңбекке қабілетті мүшелері жоқ отбасыларға тиесілі болады. Ал шартты ақшалай көмек жұмысқа қабілетті кем дегенде бір мүшесі бар аз қамтылған отбасыларға ұсынылады. Алайда бұл ретте олар жұмыспен қамтудың белсенді шараларына міндетті түрде қатыстырылады.

Жаңаша формат тұрғынға жай ақшалай көмек беріліп қана қоймай, оның жұмысқа тұруына қолдау көрсетуге мүмкіндік береді. Түрлі қайта даярлау және біліктілігін арттыру курстарына жіберіліп, шағын несие беріледі. Осылайша отбасының кедейшілік шегінен шығуға әлеуеті ынталандырылады. Ал осынау кешенді шараларды жүзеге асыру үшін басқармаға қарасты мекемелердің материалдық-техникалық мүмкіндіктерін күшейту қажет дейді сала басшысы.

Сала мамандары атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тәсілдері «Өрлеу» жобасы аясында сынақтан өткізіле отырып, өзінің тиімділігін көрсетті дейді. Айта кетейік, облыста осыған дейін құрамында 100 мыңнан аса адамы бар 20 мыңдай отбасы осынау көмекке қол жеткізіпті. Оның ішінде жобаның 22 мыңнан аса еңбекке қабілетті мүшесі жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысқан. Көңіл қуантарлығы сол, бұл бағыттағы шараларды іске асыруда облыс бүгінде республикада көш бастап тұр.

Мақпал Рысбаева