Оңтүстік Қазақстан облысында 2018 жылы жаңа сипаттағы атаулы әлеуметтік көмек 300 мыңға жуық адамды қамтиды деп жоспарланып отыр. Келер жылы жұмсалатын қаржы көлемі үш есеге өсіп, 18 млрд теңгені құрамақ. Өңірде әлеуметтік көмектің жаңа сипатына көшу үшін тиісті шаралар қызу жүзеге асырылуда.
Жобаны жергілікті халыққа түсіндіруде ақпараттық-насихат жұмыстары жүргізіліп, оған арнайы 36 мобильді топ құрылды. Бүгінге дейін 700-ден астам елдімекенде халықпен кездесулер ұйымдастырылды.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасында күн сайын мамандарға осынау тың жүйені түсіндіру мақсатында оқу семинарлар өтуде. Бұдан бөлек жұмыспен қамту орталықтары мен әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің мамандарына, аудан және ауыл округі әкімдеріне әр тоқсан сайын оқу семинарлары ұйымдастырылуда. Осыған дейін өңірдегі 9 ауданның мамандары осынау шараларға қатысып біліктілігін арттырған.
Бұл жолы Сайрам, Сарығаш аудандарына келген 60-қа жуық маман жаңаша атаулы көмек көрсету жүйесімен жіті танысты. Қойылған сұрақтарға жауап беріп, білген-түйгендерін пысықтады. Кездесу кезінде 2018 жылдың 1 қаңтарынан іске асатын жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек көрсету тәртібінің өзгеруі түсіндірілді.
Айта кетейік, «Өрлеу» жобасы аясында бүгінге дейін жалпы сомасы 6 млрд теңгеден асатын шартты ақшалай көмекті 20 мыңнан астам оңтүстікқазақстандық алды. Осы жобаға қатысушылардың 94%-ы жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылып, 85%-ы тұрақты жұмыспен қамтылды.
Биылғы 9 айда «Өрлеу» жобасына қатысушылардың қатарында 906 адам өз ісін ашып, жеке кәсіпкер ретінде салық органдарына тіркелді. Облыста «Өрлеу» пилоттық жобасын іске асыру нәтижесінде, шартты ақшалай көмек алушылардың табысы 4,2 есеге артып, орта есеппен айына 1 адамға 23 мың теңгеге жетіп отыр.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі