Оңтүстік Қазақстан облысында түрлі деңгейдегі мәслихаттағы бос орындарға сайлау өтті. Өңірдегі жеті сайлау округіне келген дауыс берушілер өз таңдауын жасады. Сайлауды әзірлеу және өткізу барысында комиссиясының атына ешқандай арыз-шағым түскен жоқ. Бұл туралы ОҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әлібек Өмірәлиев мәлім етті.
Комиссия төрағасының айтуынша, сайлау конституциялық заң талаптарына сай өткізілген. Нәтижесінде №11 облыстық сайлау округі бойынша облыстық мәслихаттың депутаты болып «Ұлы Орда» ЖШС президенті Қайрат Сүлейменов сайланды. Ал № 35 сайлау округі бойынша өзге үміткерлерден «SAURAN group» ЖШС кеңесшісі Абдурашит Омаров басым түскен.
— Сонымен қатар №49 сайлау округі бойынша облыстық мәслихаттың депутаты болып «Хамит» АӨК басқармасы төрағасы Серманиязов Бақытжан Қыпшақбайұлы, ал №50 сайлау округі бойынша облыстық мәслихаттың депутаты болып Қазақстан инженерлі-педагогикалық «Халықтар достығы» университетінің ректоры Қуатбекова Рабиға Әбдімұсақызы сайланды, — деді Әлібек Өмірәлиев.
Комиссия төрағасының айтуынша, бос орындарға депутат сайлау үшін облыс бойынша 10 сайлау округі жұмыс істеп, 91 мың 974 адам дауыс берген. Жалпы депутаттыққа 42 адам өтініш білдірген. Олардың 38-і тіркеліп, оның 20-сы декларациялық айырмашылық пен жеке арыздары бойынша сайлауға қатыстырылмаған. Қалған 18 үміткердің ішінде 4 адам облыстық, 2 үміткер қалалық, 1 адам аудандық мәслихатқа сайланды.
ОҚО әкімдігінің баспасөз қызметі