Ұстаздардың кәсіби мерекесі-бүкіл халықтық мереке. Осына ескерген облыс әкімі Жансейіт Түймебаев өңіріміздің ардагер ұстаздары мен білім саласының үздіктерін қабылдады. Ұлағатты ұстаздар өз шәкірттерімен мақтана алады. Кездесу барысында инновациялық жаңашыл идеяларды енгізу арқылы білім саласын жетілдіру жолдары талқыланды.
«Әлемдегі әр адамға білім беріп, мамандық таңдаумен қатар өмір жолына бағыт беретін – Ұстаз. Ендеше, төл мерекелеріңіз құтты болсын, құрметті ұстаздар! Елбасымыз атап өткендей, қазақстандықтардың ешқашан бұлжымайтын екі ережесінің біріншісі — ұлттық код пен ұлттық мәдениеттің сақталып, рухани жаңғыруды іске асыруда ұстаздардың рөлі бірінші кезекте тұрғаны анық. Бала жүрегіне жол таба білетін, рухани азық беретін де — ұстаз. Тек нағыз ұстаз ғана егемен елге лайықты ұрпақ тәрбиелей алады. Бұған облыс ұстаздарының бүгінгі таңдағы шынайы еңбектері дәлел. Ұстаздарымыздың еңбек жолы — әрдайым жастарымыз үшін өшпес үлгі!» — деді Ж.Түймебаев.
Салтанатты іс-шарада жақсы тілектер айтылып, 9 ардагер ұстаз бен 26 мұғалімді алғыс хатпен марапаттады. Айта кетейік, бүгінде ОҚО-да 638 мың оқушыға 70 мыңға жуық мұғалім сабақ береді. Облыс деңгейіндегі білім саласында ілгерілеушілік бар. Өңірдің дарынды оқушылары республикалық, халықаралық деңгейдегі білім сайыстарында жүлдегер атануда.
Жалпы білім беретін пәндерден республикалық олимпиадада облыс командасы бірнеше жыл бойы «Ең үздік олимпиадалық команда» аталымы мен I, III жүлделі орындарды иеленді. Биылғы тамыз кеңесінде тәжірибелі ұстаздарға пәтер кілттері мен білім және ғылым министрлігінің алғыс хаттары, құрмет грамоталары тапсырылған болатын.