Ордабасы ауданының полицейлері облыстың 3 ауданында мал ұрлығымен айналысқан ұйымдасқан қылмысты топты ұстады. Бұл туралы облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды. Аудандық полицияның кезекші бөліміне бірқатар азаматтардан арыз келіп түсті, олар арыздарында белгісіз тұлғалар жайылымнан және қоралардан малдарын ұрлап кеткені туралы шағымданған.
Атап айтсақ, биылғы сәуір айында полицияға 58-жастағы азаматтың жайылымда жүрген, 300 мың теңге тұратын екі сиыры ұрланған. Осы қылмысты ашу мақсатында полиция бөлімінде тәжірибелі мамандардан құралған жедел-тергеу тобы құрылды.
Жедел іздестіру іс-шараларының барысында 7 адамнан құралған ұйымдасқан қылмысты топты ұсталды. Олардың барлығы да Шымкент және Ордабасы ауданының 1990, 1991, 1994 және 1995 жылы туған тұрғындары. Тергеу барысында ұсталғандардың Ордабасы, Бәйдібек және Қазығұрт аудандарында болған 20 мал ұрлығына қатысы бар екені анықталды. Жәбірленушілерге келтірілген жалпы шығын көлемі 6 миллион теңгеден асып отыр.
Полицейлердің анықтағандай, қылмысты топты шымкенттік 23 жастағы жігіт бір жүйемен басқарып отырған. Топтың әр мүшесінің өзінің қызметі болған. Бірі жәбірленушіден мал ұрлап алса, екіншісі оны сатып отырған, енді бірі ұрлыққа жөн сілтеуші болған. Олар адамдардың үйде жоғын пайдаланып, мал қорасы мен жайылымнан сиырларын ұрлап келген екен. Ұрланған малды сатып, ақшасын қажеттіліктеріне жаратып отырған. Тергеу барысында жедел ізкесушілер ұрланған малды сатып алып отырған адамды ұстады.
Қазір осы фактілер бойынша бірнеше баппен қылмысты іс қозғалды. Жиналған материалдар процессуалды шешім қабылдау үшін сотқа жолданған.