Сайрам ауданында базарда әрекет еткен алаяқтар ұсталды

265
Шымкентте телефон алаяғы ұсталды

Оңтүстіктің полицейлері алаяқтықпен айналысқан екі күдіктіні ұстады. 2017 жылдың 11 қазаны күні Сайрам аудандық ішкі істер бөліміне Қарабұлақ ауылының бірнеше тұрғыны арызданған. Олар белігісіз тұлғалар алаяқтық жолмен ақшаларын иемденіп, қашып кеткенін айтыпты. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы (алаяқтық) бойынша Сайрам АІІБ-ның СДТБТ-не тіркелді.

Полицейлер жедел-іздестіру іс-шараларының жүргізу барысында Шымкент қаласының 1973 және 1980 ж. т. екі тұрғынын анықтап, ұстады. Тергеу барысында күдіктілердің 4 алаяқтық жайтына қатысы бар екені анықталды.

Алаяқтар арнайы жасалған жүйе бойынша жұмыс жасаған. Базардың жанына бір бума ақша тастап, сыртынан бақылап тұрады. Кезекті құрбан ақшаны алып жатқан кезде іске алаяқтардың өзі кіріседі. Біреуі ақша тапқан адамға келіп, ақшамен бөлісуді ұсынады, ал екіншісі оның «жоғалған» ақшасын қайтаруды талап етеді. Нәтижесінде олар жәбірленушінің ақшасын алаяқтық жолмен алып кетіп отырған. Мысалы, Түлкібас ауданының тұрғынынан осындай жолмен 360 мың теңге алып кеткен.

Қазіргі таңда ҚР ҚК-нің 190-бабы (алаяқтық) бойынша қылмысты іс қозғалды. Күдіктілер қамауда. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Оңтүстік Қазақстан облысының полицейлері тұрғындарға осындай алаяқтықтың құрбаны болмас үшін бейтаныс азаматтармен тілдескенде ерекше сақ болғанын ескертеді. Сеніп қалмаңыздар! Егер осындай қылмыстың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада 102 нөміріне хабарласуыңыз керек.