Сайрам ауданында күйдіргі бойынша төтенше жағдай жарияланды. Бұған 30 жыл бұрын жабылған мал қорымының апатты жағдайға түсуі себеп болыпты. Өйткені, жаңбыр суы мен қазылған карьерлер кезінде ауру малдың денесі көмілген орынның астаң-кестеңін шығарған. Жергілікті әкімдік төтенше жағдай жариялап, 101 млн теңгеден астам қаржыға жөндеу жасалуы қажет деген есеп-қисабын да дайындап қойыпты.
Бұл сібір жарасының көміндісі 1987 жылы Ақсу өзенінің 200 метр жағалауынан темір бетонмен тосқауылданған болатын. Жыл сайынғы жауын-шашын, одан қалса жер қойнауын заңсыз қазушылар өзен арнасының аңғарын кеңейтіп жіберген. Соның салдарынан жағалау күйдіргі індетінен өлген малдың қорымына таяп қалды. Сол себепті осы аумақты табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланған. Бұл мәселе облыс әкімін де бей-жай қалдырмады.
Сайрам ауданы әкімдігі өкілдерінің айтуынша, төтенше жағдайды қазір жарияламаса, Ақсу өзеніне төнген қауіп қатерлі болмақ. Күйдіргі инфекциясының 100 жылға дейін жойылмайтынын ескерсек, Ақсуға түсетін инфекция Арыс және Сырдарияға түсіп, Аралға дейінгі аумақты улауы әбден мүмкін. Бүгінгі таңда өзен арнасын қалпына келтіру жұмыстары басталып кетіпті.
Белгілі болғандай, өзен арнасындағы тас пен құмды бей-берекет қазған компанияның лицензиясы кері қайтарылған. Ал қайта қалпына келтіру жұмысын бастап кеткен мердігер компания өкілдері қарашаның ортасына дейін межеленген жұмысты толық бітіреміз деп отыр. Айта кетейік, аса қауіпті сібір жарасы індетінің Сайрам ауданында 20 ошағы бар. Олар да енді қатаң бақылауға алынады.
Бүгін төтенше жағдай қызметкерлері Сайрам ауданы аумағындағы мал өлексесі көмілген орын бойынша атқарылып жатқан жұмыстарын баяндап, баспасөз мәслихатын өткізді. Жауаптылардың айтуларынша, Сайрам ауданыныѕ әкімі, төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі арнайы комиссия және департамент қызметкерлері қатысып, Сібір жарасы ошағы көміндісінің жанынан өткен Ақсу өзені бойын байқастап шыққан. Қазіргі таңда өзен арнасындағы жұмыстарды істеу үшін облыстық бюджеттен қаржы бөлу жұмыстарын тиянақтапты.
Нұрлан Күдерұлы