Биыл Чимкент атауының Шымкент болып өзгергеніне тұп-тура 25 жыл толды. Шырайлы қаланың өткеніне қызығатын, бүгініне бей-жай қарамайтын жұртшылықты шаһарға қатысты кез келген ақпарат қызықтыратыны анық. Осы орайда «Отырар TV» телеарнасының тілшісі Жанерке Хумар қала атауының бұған дейінгі өзгеру тарихы мен мән-мағынасына шолу жасап шықты. Облыстық мұрағатқа барып, ондағы сәйкес құжаттармен танысты.
Шымкенттің атауы өз тарихында бір емес, 3 рет өзгерген. Мұны өңір тарихшылары да растап отыр. Дегенмен, «Қала ежелден Шымқала деп аталатын» дейді жергілікті тарихшылардың бірі Момбек Әбдәкімұлы. Ал 1865 жылы шаһар картаға Чимкент деген атаумен енеді. кейіннен, 1914 жылы Қазақстанның Ресей империясына қосылуының 50 жылдығына орай қалаға орыс генералы Черняевтің есімі беріледі. Бірақ, барлық құжаттарда Чимкент атауы тайға таңба басқандай сақталып қалыпты. Солай жазылып келген.
Момбек Әбдәкімұлы, жазушы, тарихшы: «1990 жылдары егемендік ала бастаған кезде бір топ азамат осы мәселені көтерді. Мәселен, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бұрынғы бас редакторы Әмірсейіт Әлеев Чимкент облысын Оңтүстік Қазақстан облысы деп атайық. Және Чимкент қаласын Шымкент атауына өзгертейік» деген ұсыныс тастаған. Бұл туралы сол кездегі «Шымкент келбеті», «Оңтүстік Қазақстан» газеттеріне жазылды.»
Бұл ұсыныс алдымен қалалық депутаттарға жолданып, олардың тарапынан қолдау табады. Содан кейін облысқа және республикаға жолданып, 1992 жылы Чимкент атауы Шымкент болып өзгеріпті. Міне, сол сәттен бастап барлық ресми құжаттардың қазақша және орысша нұсқаларында Шымкент болып жазылып келе жатыр. Ал «Шымкент» атауының мағынасы бүгінде көпке мәлім. Ғалымдардың пікірі де соған саяды.
Момбек Әбдәкімұлы, жазушы, тарихшы: «Шымкент» сөзінің мағынасы шымнан тұрғызылған қала, болмаса парсы немесе ескі түрік тілінде «Көрікті қала», «Сулы қала» деген мағынаны береді.»
Қала атауының өзгеруіне қатысты шыққан қаулы-құжат облыстық архивте қаз-қалпында сақталған. Сондай-ақ, Ресей, Өзбекстан елдерінен әкелінген, көне қаланың бет-бейнесін көрсетететін түрлі фотосуреттер де осында. Мұрағат қызметкерлері мемлекеттік сақтауға алған құжаттарды кез келген ізденушінің пайдалануына беретіндерін айтты. Бірақ арнайы тіркеліп, мекеменің оқу залында ғана қолдана алады. Құжаттарды сыртқа алып шығуға тыйым салынған.
Айнұр Нұржанова, ОҚО мемлекеттік архивінің ақпараттық, әдістемелік бөлімінің басшысы: «Архивте сақталған, мемлекеттік сақтау алған құжаттарды жарыққа шығару, пайдалану, яғни ғылыми ізденушілерге, студенттерге, магистранттарға, көмекші құрал ретінде осы құжаттарды пайдалануға береміз. Құжаттарды сыртқа алып шығуға ешқандай рұқсат жоқ. Өйткені құжаттар мемлекеттік сақтауға алынғандықтан, мемлекеттің игілігінде қорғалады. Оны ешқандай сыртқа алып шығуға, өзінде қолдануға рұқсат етілмейді. Сондай-ақ құжаттарды пайдаланған жағдайда облыстық архив мекемесіне сілтеме жасауға міндетті.»
Бұл құжаттар — тарихтың ажырамас бір бөлігі. Қазіргі таңда мекеменің бес бөлімінде барлығы 52 қызметкер еңбек етеді. Ал 2017 жылдың алты айында облыстық архивте 455 950 құжат мемлекеттік сақтауға алынған, олар архив қоймаларында қатталып тұр.
Жанерке Хұмар