«Туған жер - алтын бесігім»Жаңалықтар 

Шымкентте Төлеби ауданының фестивалі өтті

Шымқала төрінде — төлебиліктер. «Туған жер — алтын бесігім» фестивалін жалғастырған таулы ауданның тұрғындары өз өнерлері мен мәдениетін паш етті. Бұл күні өнерпаздар әсем ән мен тәтті күй сыйлап, көпшіліктің көңілін көтерсе, диһандар қауымы алтын күздің жауһарларын ұсынды.

Шырайлы Шымкент төрін мәз-мейрам күйге бөлеген төлебиліктер бұл күні бар өнерлерін ортаға салды. Қолөнершілер өз туындыларын көрмеге қойып,әншілер әуезді әннен шашу шашты. Театр әртістері көпшілікке ата-баба дәстүрін дәріптеп, ұлттық құндылықтарды ұлықтады.

Ал боз кілемдегі палуандар өзара мықтыны анықтау үшін тырысып бағуда. Көпшілік көз тіккен жарыс жарты күнге созылды. Алтын күзде төгілген тердің жемісін жинап келген шаруалар жәрмеңкесі де қыза түсті. Өнімдер мұнда арзан саудаланды.

Төле би — табиғат көркімен тамсандырған таулы аймақ. Жылқының бабын білетін жергілікті халық қалалықтарға ұлттық сусын — қымыздың түр-түрін ұсынды. Таулы ауданның топырағында өскен жеміс-жидек, көкөністің де дәмі ерек. Осылайша ауылшаруашылығын түлетіп отырған төлебиліктер бүгінде талай тірлікті тындырып отыр.

Соңы гала-концертпен түйінделген шара Төлеби тумаларының тамаша ән шашуына ұласты. Күзгі кеште шырқалған әсем әуендер жүректерді тербеп шымқала аспанында қалықтады.

Мақпал Рысбаева

Related posts

Пікір қалдыру

Алғашқы болып пікір жазыңыз!

Маған хабар беру:
777
wpDiscuz