Шымкентте жұмысшы өзі істейтін құрылыс дүкенінен 50 миллион теңге ұрлады

Шымкент қаласының полицейлері аса ірі көлемде жасалған ақша ұрлығын ашты. 2017 жылдың 2 қазанынан 3-іне қараған түні шамамен сағат 02:00-де Әл Фараби полиция бөліміне Ескі қалашықтағы дүкендердің бірінде ұрлық жасалғаны туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына келген жедел тергеу тобы белгісіз тұлғалар құрылыс дүкеніне кіріп, 50 миллион теңге ақшасын ұрлап кеткенін анықтады.

Аталған жайт қылмысты кодекстің 188 бабы (ұрлық) бойынша Әл Фараби полиция бөлімінің сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Осы қылмысты ашу мақсатында полиция бөлімінің тәжірибелі қызметкерлерінен жедел тергеу тобы жасақталады.

Шымкентте жұмысшы өзі істейтін құрылыс дүкенінен 50 миллион теңге ұрлады

Әл Фараби полиция бөлімінің із кесушілері жедел іздестіру іс-шараларының барысында 5 күдікті азаматтың үшеуін ұстады. Олар 23, 25 және 28 жастағы Шымкент қаласының тұрғындары болып шықты.

Ең сорақысы, ұсталғандардың бірі осы дүкеннің жұмысшысы болып шықты. Айғақты зат ретінде күдіктілерден ұрланған ақшаның бір бөлігі – 8 миллион теңге мен ұрлыққа барған автокөлік тәркіленіп алынды. Ақша заңды иесіне қайтарылған.

Қазіргі таңда күдіктілер қамауға алынған. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Жедел із кесушілер қылмыс жасаған қалған күдіктілерді іздестіруде.