Шымкенттегі жаппай жүгіруге 5 мың адам қатысты

687

Бүгін Шымкент қаласында дәстүрлі жалпы қалалық «13 аймақ» — Бірге болсақ, бәрі мүмкін!» атты жүгіру марафоны өтті. Салауатты өмір салты мен бұқаралық спортты насихаттау мақсатында ұйымдастырылған шараға облыс әкімі Жансейіт Түймебаев, қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов, облыстық мәслихаттың хатшысы Қайрат Балабиев пен «Нұр Отан» партиясының Шымкент қалалық бөлімшесінің төрағасы Өмірзақ Мелдеханов, сондай ақ әкімдік қызметкерлері мен кәсіпқой спортшылар және қала тұрғындары жалпы саны 5 мың адам қатысты.

Биыл жүгіру жолының ұзақтығы жартылай марафонға дейін ұзартылды. Ұйымдастырушылар «Kasiet» фитнес-клубы мен «13 регион» командасының айтуынша, бұл қадам марафонның болашақта жалпы қазақстандық және халықаралық спорт күнтізбесіне енгізілуі үшін жасалып отыр. Ең алыс қашықтық — 21,1 шақырым. Дегенмен, өзінің мүмкіндігін жаңадан сынап көрушілер үшін 5 және 10 шақырым жарыс жолы сақталды.

Қонаев даңғылынан Бəйдібек би даңғылы бойымен Наурыз алаңына дейінгі бірінші қашықтықты облыс әкімімен бірге барлық жастағы 3 мыңнан астам қатысушы оңай жүгіріп өтті.

Денсаулық – баға жетпейтін асыл дүние екенін айтқан облыс әкімі барша оңтүстікқазақстандықтарды салауатты өмір салтын ұстануға шақырды.

Шымкенттегі жаппай жүгіруге 5 мың адам қатысты

«Бүгінгі дәстүрлі жалпы қалалық жүгіру марафонына қатысып, бұқаралық спорттың дамуына үлес қосып жүрген қала тұрғындары мен жастарға алғыс айтамын. Өмірімізге қауіп төндіретін зиянды заттардан аулақ болып, салауатты өмір салтын ұстануымыз қажет. Бүгінгі 5 мың адам қатысқан марафон осының айғағы. Осы қалыптан таймай бұқаралық спортты дамытуға үлес қосып, оны кең дәрежеде насихаттайтын болсақ 2020 жылға дейін бұқаралық спортпен шұғылданушылардың санын 30 пайызға жеткіземіз, ал осы жылы 26 пайызға жетеді деп жоспарлануда»,-деді әкім.

Мұнан соң аймақ басшысы жарыстың ең жас және ең ересек қатысушылары мен жеңімпаздарын марапаттады.

Жарыста 9 жас ерекшелігі бойынша 32 спортшы жеңімпаз атанып, облыс əкімінің алғыс хатымен жүлделі сыйлықтарға ие болды.

Айта кетейік, ерлер арасында 21 шақырым қашықтықта 19 жастағы №39-шы Ғалымжан Жұмабаев мәре сызығын бірінші болып басса, әйелдер арасында ең бірінші болып 225-ші номердегі 34 жастағы Ақмарал Мейірман келіп жетті.

Шымкенттегі жаппай жүгіруге 5 мың адам қатысты

Дәстүрлі шара Наурыз алаңындағы концертпен аяқталды.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі