Шымкентте «Туған жер — алтын бесігім» мәдени күндері өтті. Іс-шара аясында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің кезекті жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Онда теріскейде өндірілетін өнімдер жеңілдетілген бағада ұсынылды. Қала жұртшылығы бұл күні экологиялық таза өнімдерді қолайлы бағамен сатып алып, бір жырғап қалды.
Теріскейден тарту жасаған аудан шаруалары қалалалықтарға барын ұсынды. 10 тонна қой, 6 тонна сиыр еті, тіпті, балық та бар. Жері егіншілікке аса қолайлы болмаса да созақтықтар көкөніс, бақша, жеміс-жидектер өсіруді ептеп қолға алып келеді. Бұл күні пияз, сәбіз, картоптың келісі 10-15 теңге арзан саудаланды.
Теріскей халқы жәрмеңкеде ауыл шаруашылығы өнімдерінен бөлек өздері тіккен киім-кешектерін де ұсынды. Негізінен мал шаруашылығымен айналысатын созақтықтар сүт өнімдерін де молынан әкелген. Бұл күні айран, ірімшік, құрт, сары май мен қымырынның саудасы қызды. Тауарлар бағасы да қалалық тұрғындардың көңілінен шықты.
Жәрмеңке күн ұзаққа жалғасты. Шымкенттіктерге тарту жасаған теріскейліктер осылайша ауданда өндіріліп жатқан өз өнімдерін паш етті.
Мақпал Рысбаева