Қазіргі таңдағы өзекті мәселенің бірі — су қоймаларының қауіпсіздігі. Арал-Сырдария бассейн кеңесінің кезекті отырысында саладағы түрлі заңсыздар мен өзекті сауалдар көтерілді. Мамандардың айтуынша, су шаруашылығы құрылымдарын санитарлық-гигиеналық экологиялық талаптарға сай ұстау, еліміздегі су шаруашылығының дамуын ғылыми тұрғыда жүргізу өзекті мәселеге айналған.
Еліміздегі су шаруашылығына қатысты мәселелерді жіті назарда ұстау үшін Арал-Сырдария кеңесі құрылғаны болатын. Кеңес 20 жылдан бері ауқымды жұмыс істеп келеді. Бұл жолы бөгеттердің дайындықтары, су қоймаларындағы жалпы жағдай, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қысқы, күзгі тасқын су кезінде шара қабылдау мәселелерін талқыға түсті. Жасыратыны жоқ, бүгінде пайдалану мерзімі 25 жылдан асқан су қоймалары бар. Олардың жағдайы тым ауыр дейді жинлғандар.
Әділхан Қарлыханов, Арал-Сырдария бассейні инспекциясының басшысы: «Екі облыстағы күрделенген мәселе баршылық. Әсіресе Оңтүстік Қазақстан облысында жер қойнауын пайдалану күрделі мәселе болып отыр. Су кодексіне өзгерістер енгізілген. Су шаруашылығының барлығын декларациядан өткізу қажет. Биылдың басында декларация қабылдануы керек еді. Бірақ, екі облыс оған дайын болмай шықты.»
Су шаруашылығына келгенде жер қойнауын заңсыз пайдаланушылар мәселесі шыға келеді. Өйткені өзен, су аңғарларынан тас, құм алатын фирмалардың кесірінен жағалау жарылып, су тасып жатады. Ол аздай, өзек суы да тартылады. Ал өзен бойындағы көпірлердің бұзылуы шаруашылықтағы ең өзекті сауалға айналған. Қазіргі таңда 89 жер қойнауын пайдаланушылармен келісім-шарт бұзылған. Осы мәселеге орай тиісті органдарға тапсырламалар берілді.
Жорабек Ерназаров, «Қазсушар» Қызылорда филиалы директорының орынбасары: «Қазіргі таңда Қызылорда облысына 1 200 текше метрдей су түсіп жатыр. Қауіпсіздік шаралары үшін жұмыстар жүргізіліп жатыр. Республикалық бюджеттен 950 млн теңге түсті. Қорғаныс бөгеттерін нығайту, каналдарды тазалау су құрылыстарын жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қанша дегенмен төменгі жақтамыз ғой. Шардара су қоймасынан аққан судың 85-90 пайызы бізге келеді.»
Мамандар соңғы жылдары жиі орын алатын тасқын су мәселесі алаңдатып отырғанын жасырмайды. Енді 15 қарашада мемлекетаралық су жүйелерін басқару кеңесінің жиыны Ташкент қаласында өтпек. Ауқымды жиында осы мәселе қаралатын болады.
Гүлжан Көшерова