Түркістандықтарға табиғи газ қосу күрделі болып тұр

421
Заңсыз абоненттер газдан ажыратылуда

Түркістанға газ келгенімен, тұтынушысына әлі жетпей отыр. Себебі, көгілдір отынды үйге кіргізу қиынға соққан. Халық қаржысынан қиналса да керек құрылғыларын сатып алыпты. Алайда оны да жарытпай отырған газ берушілер тұрғындарды мезі еткен. Мәселені көтерген халық қалаулысы биліктің назар аударғанын қалайды. Базынасын облыстық мәслихаттың тұрақты комиссия отырысында жайып салды.

«Мен барлығына жабдықтарды алыңдар деп үгіттеп едім. Енді жарамайды деген соң, барлығы менің соңымнан ақшамызды қайтарыңыз деп жүр.»

Түркістандықтарға табиғи газ қосу күрделі болып тұр

Түркістаннан сайланған облыс мәслихатының депутаты табиғи газды қосуда күрделіліктер барын тұрақты комиссияның отырысында жайып салды. Елдімекендерді газдандыруға қыруар қаржы бөлінгенімен, оның шарапатын халық көрмей отыр дейді.

Рахым Тәңірбергенов, облыс мәслихатының депутаты: «Спич, труба, пеш — ал деген нәрсесінің бәрін алып қойды. Енді қосуға келгенде жарамсыз деп жатыр дейді. Халық шығындалуда. Егер газды қосатын болса, қандай құрылғы, есептегіш құрал қажет екенін алдын ала айтпай ма? Бір көшелерде қосып жатыр дейді. Бір жерде қосып жатқан жоқ. Осыған энергетика не дейді?»

Түркістандықтардың проблемасына басқарма мамандары да қанық. Алайда бұл күрделілікті жалғыз шешуге қауқарсызбыз деп ақталды.

«Бәйдібек ауданында да дәл осы жағдай. «ҚазТрансГаз» көшеге дейін газды жеткізген. Ал енді көшеден үйге тұтынушының өзі қамдануы тиіс. Газды оларға лицензиясы бар мекемелер қосып береді. Қаржысын үй иесі төлейді.»

Тұрақты комиссия мәжілісне қатысқан облыс әкімінің орынбасары бұл мәселемен айналысып жатқанын, және де көмек көрсетуге тырысатынын атап өтті.

Депутаттар сала мамандарын тыңдауға дайын. Облыс әкімдігі ұйымдастырған кездесуде бұл мәселені жан-жақты талқылап, бір шешімге келмесек, жағдай ушығып кетуі әбден мүмкін дейді олар.