Азық-түлік бағасын нарықтың өзі реттеуде. Мұны тұрақтандыру қорының мамандары да жоққа шығармайды. Өңірдегі жауапты мамандар тауар бағаларына мониторинг жүргізуде. Мұнымен қоса «Шымкент» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы ең қажетті тізімге енгізілген 20 өнімге бағаны тұрақтандыру мақсатында азық-түліктің қорын да жасап қойыпты. Әлеуметтік бағадағы тауарларды сатуға облыс әкімдігі жанындағы тұрақтандыру қоры комиссиясының қаулысы шыққан бойда ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінже, ірі сауда орындары мен әлеуметтік дүкендерде сатыла бастайды.
Мына қатарда орналасқан сатушылар ауыл шаруашылығы өнімдерінің бөлшек саудасымен айналысады. Айтуларынша, картоп, пияз бен сәбіздің қыркүйек айында тұрақты болған бағасы осы аптада біршама өскен. Өйткені, солтүстік аймақтардан көтерме сауда орындарына жеткізілген өнімнің бағасы да қымбаттапты. Болжамдары — картоп аз егілген. Ол аздай, басым бөлігі Ресейге жөнелтілуде.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін қолжетімді бағамен сатып алу мақсатында қала тұрғындары базарлар аралап жүр. Зейнеткерлер бұл әрекетіміз қолымызға тиетін ақшамызды үнемдеп, келесі айға жеткізудің амалы дейді.
Шарықтаған бағаны ауыздықтау мақсатында облыс әкімдігі жанындағы тұрақтандыру қоры жөніндегі комиссия биылғы жылға тізімге енгізілген тауарлардың қорын да жасапты. Өнімдердің бір бөлігі келісім-шарт түзген шаруашылықтардың қоймасында болса, бірі ірі сауда орындарының қоймаларында сақтаулы тұр.
Облыс әкімдігі жанындағы тұрақтандыру қоры комиссиясының қаулысы шықса, әлеуметтік тауарлар ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінде, Магнум және Фиркан сауда орындарында сатылады деп жоспарланған. Бұдан бөлек жылдың соңына дейін 20 әлеуметтік дүкен салынбақ.