Ж.Түймебаев: «Оңтүстіктің бренді саналатын мақта дақылы бәсекеге қабілетті болуы қажет»

735
Ж.Түймебаев: "Оңтүстіктің бренді саналатын мақта дақылы бәсекеге қабілетті болуы қажет"

-Оңтүстік Қазақстан облысының бренді саналатын мақта дақылы бәсекеге қабілетті болу қажет. Сондықтан ақ ұлпаның жаңа сорттарын шығарып, оны өндіріске ендіруіміз керек. Бұл тұста «Қазақ мақта шаруашылығы» ғылыми зерттеу институтының қосар еңбегі орасан. Облыс әкімі Ж.Түймебаев Мақтаарал ауданындағы «Қазақ мақта шаруашылығы» ғылыми зерттеу институтының жұмысымен танысу кезінде осылай деді.

— Ауыл шаруашылығы дақылдарының басқа түрлері өзге өңірлердің барлығында өсіріледі. Мәселен, республикалық көрсеткіште Оңтүстіктің көкөніс өндіруден алар орны 25 пайызды, жүзімнен — 70, жемістен 37 пайызды құрайды. Ал мақта дақылы 100 пайыз тек қана осы өңірде өсіріледі. Сондықтан елiмiздегi үлкен табыс әкелетiн жүз жылдық тарихы бар мақта дақылының сапалы сорттарын дамытып, инновациялық технологияларды өндіріске ендіру арқылы ақ алтынды өндірудің тиімділігін арттыруымыз керек. Сондықтан осы саладағы мәселелердi бiрлесiп жүйеге түсiрсек қана мол өнiмге қол жеткiземiз, -деді әкім.

Ж.Түймебаев: "Оңтүстіктің бренді саналатын мақта дақылы бәсекеге қабілетті болуы қажет"

Атакент кентіндегі ғылыми зерттеу институтында бүгінде дүниежүзілік мақтаның оннан астам түрі зерттеледі. Ондағы ғалымдар ақ ұлпаның 12 орта талшықты, сыртқы ортаның қолайсыз факторларына төзімді, өнімділігі 5-6 ц/га жоғары сорттарын шығарды. Сондай-ақ, өндіріске отандық бес мақта сортын енгізді. Институт ғалымдары әзірлеген мақта қозасын баптаудың қарқынды технологиясы 58,3 мың гектар мақталық егіске, топырақты 55-60 см терең қопсыту технологиясы 57 мың гектар жерге ендірілген.

Айта кетейік, мақтадан талшық, тұқым, талшықтан мата немесе каток жіп, сабын мен мақта майы сынды 1200-ден аса әр түрлі заттар алынады.

Ж.Түймебаев: "Оңтүстіктің бренді саналатын мақта дақылы бәсекеге қабілетті болуы қажет"

Бұдан бөлек аймақ басшысы Қазыбек би ауыл округіне қарасты 57,6 метр тереңдікте орналасқа тік дренаждың жұмысын көрді. Аманкелді подстанциясынан энергия алатын тік дренаж ЭЦВ-12-210-15 атты насосбен жұмыс істейді. Жалпы, ауданда 731 тік дренаж болса, оның 300-і республика меншігінде. Республикалық меншіктегі тік дренаждардың 260-ы жұмыс жасайды. Осы тік дренаждар мен коллекторлық жүйелер толықтай қалпына келетін болса, жердің тұздану мәселесі шешіліп, топырағының құнарлығы бірнеше есе жоғарылайтын болады.

Сапары барысында облыс әкімі Мақтаарал ауыл округіндегі «Жарқын» шаруа қожалығының күріш алқабының жұмысымен танысты. 1997 жылы құрылған шаруа қожалық 92,2 гектар жерді игеріп отыр. Оның 72,2 гектарына күріш, 15 гектарына мақта дақылы егілген. Жалпы ауданда 1,5 мың гектарға күріш егілген. Шаруалар гектарына 50-60 центнерден өнім алып отыр. Жалпы диқандар күрішті жерді тыңайту мақсатында егеді. Негізгі бағыттары мақта шаруашылығы.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі