Жаңалықтар 

Жаңа жылдан бастап жәрдемақы көбейеді

Астанада ОКҚ-да өткен баспасөз-конференциясында ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова келесі жылдан бастап жәрдемақы көбейетінін айтты, — деп xабарлайды Baq.kz.

«Ең төменгі күнкөріс деңгейінің құрылымын қайта қарастырып, оны келесі жылы 16 пайызға өсіруді көздеп отырмыз, сондай-ақ мүгедектер мен асыраушысынан айырылған отбасыларға берілетін жәрдемақы көбейтіледі. Бұл аталған жәрдемақыны Қазақстанда 570 мың адам алып отыр», — деді вице-министр

Сондай-ақ Светлана Жақыпова 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап енгізілетін базалық зейнетақыны тағайындаудың жаңа тәсілін де түсіндіріп өтті. «Қазіргі уақытта базалық зейнетақы еңбек өтілі мен зейнетақы жинағынсыз зейнет жасына жеткендердің бәріне бірдей тағайындалады. Келесі жылдан бастап азаматтар еңбек өтіліне қарай базалық зейнетақы жүйесіне қатыса алады. Осы орайда 1998 жылдан кейінгі жинақтаушы зейнетақы жүйесіне түскен жарналар ғана есептелмей, 1998 жылға дейінгі де еңбек өтілі назарға алынады», — деп түсіндірді Светлана Жақыпова.

Мұндай әдіс 30-40 жыл еңбек өтілі болса да төмен зейнетақы алып отырған адамдарға қатысты әділ шешім болмақ. 1998 жылға дейін және одан кейін 33 жылдан аса еңбек еткен тұлғалардың базалық зейнетақысы қазіргі көлеммен салыстырғанда екі есеге көбейеді. Егер бұл сома қазір 14 мың теңгені көрсетсе, 2018 жылдың 1 шілдесінен зейнеткерлердің аталған тобы ынтымақты және жинақтаушы зейнетақыға қоса, 28 мың теңгені иемденеді.

Заңда айқындалғандай, 33 жылдық еңбек өтілінің базалық зейнетақысы күнкөріс деңгейінің толық 100%-ын қамтымақ.

Светлана Жақыпованың айтуынша, Қазақстанда екі миллионнан аса зейнеткер өткен жылмен салыстырғанда 20 %-ға көп зейнетақы алып жатыр. Нәтижесінде 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақы 14 мың 466 теңге, ең төменгі зейнетақы 31 мың 245 теңгені құрады. Келесі жылы ынтымақты зейнетақыны болжамды инфляция деңгейінен 2 пайызға жоғарылату жоспарлануда.

 

 

 

Related posts

Пікір қалдыру

Алғашқы болып пікір жазыңыз!

Маған хабар беру:
777
wpDiscuz