Жаңаталап тұрғындары № 125 көлікке сыймайды

576
Жаңалатап тұрғындары №125 көлікке сыймайды

Жаңаталаптықтар қалаға қатынай алмай дал болып отыр. Күн суығалы шағынауданда жүретін қоғамдық көлік халықтың көңілінен шықпай отыр. Тұрғындардың айтуларынша, № 125 бағыттағы көлікке көпшілік сыймайды. Жүргізушілер тұрып-ақ қалаға жеткісі келетін жұртқа кейде, тіпті, тоқтамай кететін көрінеді. Ал оқушыларды мүлдем алғысы келмейді дейді тұрғындар. Бүгін шағынаудандағы жолды жабуға бел байлаған тұрғындардың бұл әрекетінен ештеңе шықпады.

Жаңаталаптықтардың жанайқайын түсіну үшін жолаушы кейпіне ендік. Арасы 15-20 минуттан қатынап жатқан 125 бағыттағы көлікті тоқтаттық. Бір емес, екі-үшеуіне міне алмадық, — тоқтамай кетті. Осылайша жергілікті халықтың сөзінің жаны барына куә болдық. Расында да шағыанауданнан қалаға қатынау өте қиын болып тұр.

Жаңалатап тұрғындары № 125 көлікке сыймайды

Несібелі Әуелбекова, қала тұрғыны: «Барлығы да тоқтамайды. Қолын шайқайды да өтіп кете береді. Мынау тұрған Жаңа шаһарға баруым үшін түске дейін тұрам, Газель тоқтатып.»

Ұлтуар Әуелбеков, қала тұрғыны: «Қалаға өттік деген атымыз бар. Көлігіміз жоқ. Сыймаймыз. Балаларды мінгізбейді.»

Шағынаудан тұрғындары таңертеңнен көлік тапшылығына тап болады. Балаларын мектепке жеткізе алмай әлекке түседі. Адамға лық толы №125 бағытттағы көлік бірде тоқтайды, бірде тоқтамайды. Ол аздай — оқушыларды мінгізгісі келмейді. Соның салдарынан сабаққа кешігетіндер мен жұмысқа асығатындар көп.

Тар жолда тамаша болатындар амалсыздан таксиге мінеді. Қалталарын қақса да қалаға қатынау қажет. Қозғалысы көп көшенің қиындығын қала әкімінің өкілдері де біледі. Шешуін тауып, жолаушыға жағдай жасау үшін жұмыс жасап жатыр. Ал аялдамаға тоқтамай кететін бағыттық көлік иесіне шара көретіндерін жеткізді. Керек десе, халықпен бірге рейд жұмыстарын жүргізуге дайын. Жауаптылар жуық арада әлеуметтік бағытта қатынайтын автобустар жүретінін айтып қуантты.

Осылайша мамандардың уәдесі іске асқанша жаңаталаптықтарға жол азабын тарта тұруға тура келеді. Бір-бірінің үстіне мінсе де амалдап қалаға қатынай тұрады.

Ардақ Жақсылықова