Қазақстанның еңбегі сіңген қайраткері, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Еркінбек Тұрысұлы + 90 жаста. Қаламгердің мерейтойын өнер сүйер қауым дүркіретіп атап өтуді жөн көріпті. Көптің көңілінен көркем шығармасымен орын алған ел ағасы осылайша құрметке бөленді.
Белгілі жазушы-драматург, тарихшы Еркінбек Тұрысұлының шығармашылық әдеби кеші «Ұлы көш» туындысынан қойылған көріністен бастауын алды. «Дүниеде айтушысы мен тыңдаушысы үйлессе, адамның жан сарайына сан түрлі шуақ сәулесін құяды». Осы сынды даналық сөздің авторы өз оқырмандарының ықыласына бөленді. Шығармашылық кешті жүргізген жазушы Мархабат Байғұт Еркінбек ағаның өмір жолы, шығармашылығы жайлы әңгімелеп берді.
Бәйдібек ауданының тумасы Еркінбек аға «Оңтүстік Қазақстан» газетінде журналистік салада еңбек етті. 1968 жылдан 1978 жылға дейін аудандық «Алғабас» газетінің редакторы болды. 1978 жылдан бастап бүгінге дейін шығармашылықпен үздіксіз айналып келеді. Қоғамдық жұмыстарға да белсене араласатын жазушы Бәйдібек-Сыланды қорының төрағасы. Бір күн бұрын өңір басшысының қабылдауында болған ақсақалға еткен еңбегі үшін құрмет көрсетіліп, облыс әкімдігі мен облыс мәслихаты депутаттарының атынан алғыс хаттар табысталды.
Сондай-ақ, Астанадан жолданған құттықтаулар, ақ тілектер салтанатты жиында мереке иесіне жеткізілді. Айта кетейік, жазушы Еркінбек Тұрысұлының «Келіншектау», «Ақбақай», Қыран тауы», Құралай жолы», Түндер», «Темірлан», «Бәйдібек» сияқты туындылары өз оқырмандарын тапқан. Мерекелік шара барысында жазушыға арналып ән шырқалды. Жиналған көпшілік рухани азық алып тарқасты.