Бүгінгі таңда ОҚО Ішкі істер департаменті Кинология қызмет орталығы қылмыстардың алдын алуда, ашуда, есірткі қылмыстарын анықтауда, қылмыскерлерді іздестіру мен ұстау, сонымен қатар қоғамдық тәртіпті сақтауда қолданатын құрал ретінде арнайы дайындықтан өткен иттерді пайдаланатын құрылым болып табылады. 2017 жылы ОҚО-да қызметтік иттердің көмегімен 800-ден астам қылмыс ашылған, оның ішінде 120-дан астам есірткі қылмыстары анықталған. Заңсыз айналымнан 30 кг.-нан астам есірткі заттары тәркіленген.


Мысалға айтар болсақ, жуырда орыс спаниель тұқымды «Эмид» есімді ит ОҚО ІІД ЕБҚКБ қызметкерлерімен «Шымкент-Ташкент» тасжолында «Нексиа» автокөлігін тінту барысында артқы орындығынан 7,5 кг. героин тауып, тәркілеуге септігін тигізді.

ОҚО ІІД Кинологиялық қызмет орталығында әртүрлі қызметке дайындалған 40-қа жуық ит бар. Кинологияда ит таңдау барысында тұқымына қатты мән береді. Кинология бөлімінде неміс овчаркасы, лабрадор секілді түрлері бар. Аты аталған тұқымды жануарлар үйретуге тез бейім, әрі шыдамды келеді. Сондай-ақ, кейбір иттерді арнайы тұқым көбейту үшін ұстауда. Барлық бөлімдерді сол иттермен қамтамасыз етуге өз септігін тигізуде. Қызметтік иттерді дайындауыңа, бейімдеуіңе қарай түрлі бағытта қолданады. Жарылғыш заттарды анықтау, есірткі заттарын табу, одорологиялық экспериментте кеңінен қолданып келеді.


«Бұл жұмыс үлкен жауапкершілікті, тиянақтылықты, еңбекқорлықты талап етеді. Кинолог болу үшін жануарға бар махаббатыңды беру жеткіліксіз. Оларды күшік кезінен бастап үйретесің, өсіресің, дайындайсың. Ол іске де шыдамдылық керек. Оның тамағын тойдырып, суын берумен іс бітпейді. Жаңа туған балаға қандай тәрбие берсең, дәл солай өседі. Жануар да солай. Қалай үйретсең, қай бағытта баптасаң ештеңені білмес ит сенің сенімді серігіңе айналады. Кейде бәрібір ол «ит» қой деп жатады. Ал олардың адамдарға деген адалдығы, сенімділігінде шек жоқ. Тек оны түсіне білу керек. Тағы бір айтар маңызды нәрсе, қызметте иттерді дұрыс қолдана алу кинологқа 70 пайыз, итке 30 пайызы ғана қатысты. Сондықтан, кәсіби маман болу уақытпен, үнемі тәжірибемен келеді», дейді ОҚО ІІД Кинология қызметінің бастығы полиция подполковнигі Дәурен Ахметов.

ОҚО ІІД Мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасы