Құлаққаптан керең болып қалмаңыз…

996

Бүгінгі жастар ұялы телефонға жиі үңіліп, көздерінің көруін нашарлатумен қатар, құлақтарына үнемі құлаққап салып жүру арқылы есту қабілеттерінен айырылуда. Бұл туралы Д. Қалматаев атындағы Семей мемлекеттік медицина колледжінің ӘБК төрайымы, жартылыстану ғылымдары бойынша ғылыми пәндер циклінің меңгерушісі Айгүл Шакетова айтты, деп хабарлайды Аltaynews.kz.

«Музыка тыңдаған дұрыс-ақ, бірақ құлаққаппен емес, радиодан, магнитафоннан да тыңдаса болады, жастарымыз осыны ескерсе екен. Құлаққап бізге ыңғайлы, жақсы болып көрінгенмен, уақыт өте келе оның қандай ауруларға шалдықтыратынын ескере бермейміз. Бар қателігіміз осында. Адам құлаққапты пайдаланғанда біртіндеп кереңдік ауруына тап болады. Онымен қоса, өзіне артық радиотолқын мен шектен тыс биоток қабылдайды. Бұл ағзада әртүрлі аурулар туғызады.

Зерттеу барысында құлаққапты ұзақ уақыт, мәселен 3 сағаттан артық  тыңдағанда адамның бас миының тамырлары тарылып, оттегі жеткіліксіздігінен бас ауруы пайда болатындығы анықталды. Бұны мен дәрігер-маман ретінде ескертемін. Сонымен қатар ашушаңдық, үрейлену, яғни стресс дамиды.

Ең қауіптісі — құлаққаптың құрамында магнитті дыбыс тарататын құрылғы орналасқандықтан бұл құрылғының электр энергиясын көп қажет ететіндігі бар. Көпшілік құлаққап пайдаланушылардың телефон қуаты тез сөніп қалатыны да осы себептен. Құлаққаптың бірден әсер ететін мүшесі — құлақ. Ең бірінші көрінетін, белгі беретін ауру — кереңдік. Адам құлағы естімегендіктен көп ақпараттарды дұрыс қабылдай алмайды.Уақыт өте келе, жасы 45-тен асқаннан кейін естуі тіпті қиынға соғуы мүмкін», — дейді Айгүл Шакетқызы.

Ұстаздың айтуынша, құлаққап арқылы әртүрлі микроағзалар денеге таралуы мүмкін. Бұл құлақтың отит, паротит ауруларына алып келеді. Осының алдын алу үшін құлаққапты құлаққа салар алында 70 пайыздық спиртпен өңдеп, тазартып алған жөн.

Ғалымдардың зерттеу нәтижесі бойынша, қазіргі кезде ең көп микроағзалар ұялы телефон, құлаққап және ақшада таралған. Сондықтан құлаққапты пайдалануды бірте-бірте қысқарту керек. Күніне 1 сағаттан артық тыңдауға болмайды. Осы уақыттың ішінде де адам радиотолқынды қабылдайтындығын ұмытпау қажет.

Дегенмен, құлаққаптың пайдасы да бар болып шықты. Мысалға оны ұялы телефонмен екінші бір адаммен сөйлескенде, сенсорлы телефоннан бөлінетін радиотолқынды азайту үшін қолдануға болады. Бұл ретте, бір орында тұрып сөйлескен жөн екен.