Жыл басталмай жатып қымбатшылық алқымнан алатын түрі бар. 2018 жылдың бірінші күнінен бастап еліміздегі төрт облыста газ қымбаттады. Бұл туралы Қазақпарат агенттігі хабарлады. Бұған дейін де жаңа жылдан бастап газ қымбаттауы мүмкін деген сыңайда ақпарат тараған болатын.
Алпауыт компания «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап Ақтөбе, Жамбыл, Батыс Қазақстан жəне Оңтүстік Қазақстан облыстарының тұрғындары үшін тауарлық газ бағасы көтерілгені туралы хабарлама жіберген.
Бағаны қымбаттатудың негізгі себебі — Ақтөбе, Жамбыл, Батыс Қазақстан жəне Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы қоғамдастықтың газ тарату жүйесі бойынша тауарлық газды тасымалдау қызметіне тарифтердің табиғи монополиялар туралы заңнамасына сәйкес бекітілген шекті деңгейінің өзгеруі болып отыр.
«Сондай-ақ шикізат пен материал құнының, өзге ұйым қызметтерінің қымбаттауы сынды тауарлық газды бөлшектеп сату бойынша қоғамдастық шығындары көбейіп кеткен» делінген комитет төрағасының орынбасары Асан Дарбаев қол қойған хатта.