Ауған соғысының ардагерлері шу шығарды

684

Шымкентте Ауған соғысының ардагерлері шу шығарды. Олар жуырда ғана қазақ медицинасының атасы саналатын Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының мүсінінің тап осы аумаққа қойылғанына наразы. Себебі, бұл алаң елді жаудан азат ету жолында қаза болған жауынгерлердің құрметіне берілген. Ал денсаулық сақтау саласының өкілдері бұл маңайдың осынау мақсатта ғана пайдаланылуы тиіс екенін білмейміз деп ат-тондарын ала қашты.

Ауған соғысының аргерлерлері елімізде алғаш рет дәрігерлерге арналып ашылған аллеяның тап осы жерде бой көтергеніне қарсы. Олар Жәнібек ханның тұсында ұлт саулығы үшін жеті атаға дейін қазақтың бір-біріне үйленбеуін дала заңымен құжаттап бекіткен ғұламаның еңбегін жоққа шығарып отырған жоқ. Тек ескерткіштің орны бұл емес еді дейді.

Шәріп Өтегенов, ҚР Ауған соғысы ардагерлері кеңесінің төрағасы: «Біз Өтеубойдақ Тілеуқабылұлының медицинаға қосқан еңбегін мойындаймыз. Бірақ оны медициналық ұйымдардың алдына қойсын, жер көп қой» дейді.

Ардагерлердің айтуынша мүсіннің қойылатыны туралы оларға ешкім ескертпепті. Айтуларынша шамамен 1 гектарды алып жатқан алаң ел басына күн туған жаугершілік заманда қаза болған ерлерге құрмет көрсету үшін берілген. Алайда ақ халаттыларға арналған аллеяны ашу туралы бастама көтерген денсаулық сақтау саласының өкілдері бұл туралы бізге ешкім ескерткен жоқ деп ақталып отыр.

Айта кетейік, өткен жылдың 20-желтоқсан күні қазақ медицинасының атасы саналатын Өтейбойдақ Тілеуқабылұлына қойылған ескерткіш салтанатты жағдайда ашылған-ды. Өңір басшысының өзі ашып берген алаңды салудағы мақсат адам жанының арашашысы ақ халаттылардың еңбегін дәріптеу.

Мәселенің мән-жайын білмек үшін біз Шымкент қалалық сәулет және қала құрылысы бөліміне бардық. Сәулетшілердің айтуынша ақ халаттыларға арналған аллеяны салу туралы ұсыныс желтоқсан айында қаралған. Мамандар аллеялар қатарын толықтыруға келісім бергендерін айтады. Дегенмен, нысанның сәулеттік келбетін өзгертуді ұсынып отыр.

Жеңіс Байымбетов, Шымкент қаласы сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының орынбасары:
«Аллеяның сәулеттік келбетін ауыстыру керек. Біз қазір ұсыныс беріп жатырмыз. 120 шаршы метр берілді, ол тараптардың келісімі негізінде берілді».

Сәулетшілердің пікірінше, ақ халаттылардың аллеясы дәрегерлерге көрсетілген құрмет екенін айқындап тұруы тиіс. Мамандар ұсынысын денсаулық сақтау саласының өкілдері ескере ме, ескермей ме оны уақыт көрсетеді.

Мақпал Рысбаева