«Жаңа күн» бағдарламасының бүгінгі қонағы Оңтүстік Қазақстан облыстық опера және балет театрының балетмейстері Еңлік Теңізбек:
— Балет — әсемдікті, сұлулықты талап ететін өнер. Балет өнеріне қызығушылығыңыз қай кезден басталды?
— Кішкентай кезімнен биге қатысқым келетін. Анам мені балет мектебіне 10 жасымда алып барды. Содан 7 жыл оқып, үйреніп, жоғары оқу орнына түстім. Оны бітірген соң, бүгінгі таңда аталмыш театрда жұмыс істеп жатырмын.
— Бұл өнерге баланы қай жастан бастап баулыған дұрыс?
— Өзімді балет мектебіне кеш бардым деп ойлаймын. Ерте бастаған дұрыс. Мүмкіндігінше 5-6 жасынан бастап барғаны дұрыс. Ары қарай 7 жыл көлемінде бимен айналысып үйреніп, жалғастырып, кәсіби биші болуына болады.
— Би өнерінің ішіндегі балет өнері қиындау, күрделі, талаптары жоғары сияқты…
— Ия, төзімділік пен шыдамдылық керек. Аяқтың ұшымен тұрып билеу оңай емес. Иілгіштігі жақсы болуы керек. Ол үшін ерте жастан бастап қатысуы керек.
— Биді бала кезден бірге бастап ары қарай жалғастыруды қиынсынғандар болды ма?
— Ия, қиындығына шыдамай тастап кеткендер бар. Өзіме ұнағаннан кейін ары қарай жалғастырып келемін. Театрда жұмыс бастағаныма 2 жыл болды. Барлық операға қатысамыз. Өзіміздің балет тобымыз бар. «Челкунчик» балетін қойдық жуырда. Одан басқа да қойылымдар жасаймыз деген жоспарымыз бар.
— Театрда қанша балет бишісі бар?
— 16 биші бар. Жеткіліксіз, әрине. Театрымызда «Келбет» студиясы бар. Сонда кішкентай балаларды тәрбиелеп жатырмыз.
— Ол студияға балаларды қалай қабылдайсыздар? Қандай да бір дайындықпен келуі керек пе?
— Студияға 5 жасынан бастап қабылдайды.
— Театрда мамандар жеткілікті ме?
— М.Әуезоа атындағы ОҚМУ-ін бітіргенмін. Аталмыш оқу орнын бітіргендер келеді көбіне. Басқа жаққа жұмыс бабымен кететіндері бар. Қиындығынан болар бұл өнерге ден қоятындар аз. Сондықтан да маман жетіспеушілігі туындайды.
— Бишілікпен нәпақа табу қандайлық? Басқа да қосымша жұмыс жасайсыздар ма?
— Қосымша жұмыстар керек деп ойлаймын. Екінші, үшінші жұмыс та керек. Балаларға биден сабақ беріп жатқандар да бар.