ОҚО бойынша статистика департаменті жылды қорытындылады. 2017 жылы өңіріміз туу мен табиғи өсімі көрсеткіштері бойынша республикада көш бастады. Оңтүстікқазақстандықтардың тұрмысы да жылдан жылға жақсарып келеді дейді сала мамандары. Мәселен, атаулы жалақыны алсақ, ол былтыр 97 мың теңгеге жеткен. Бұл көрсеткіш өткен жылдағы мерзіммен салыстырғанда 5 пайызға артық.
Халық саны бойынша Оңтүстік өңірі республикада көш бастайды. Облыс халқының саны 2 млн 923 мыңнан асқан. Оның басым бөлігі 54,2 пайызы ауылдық жерде тұрса, қалғаны қалалықтар. Былтыр өңірде 79 мыңға жуық бала туылған. Ал облыстан қоныс аударғандар, көшіп келгендерден әлдеқайда көп.
Бағаларға тоқталсақ. Былтыр облыс бойынша инфляцияның деңгейін сипаттайтын, тұтыну бағаларының индексі 107,2 пайызды құрапты. Бұл тиісті кезеңмен салыстырғанда 1,4 пайыз төмен. Азық түлік тауарларының бағалары мен тарифтері 4,9 пайызға, азық түлік емес тауарлары-8,9 пайызға және халыққа көрсетілген ақылы қызметтер 8,4 пайызға жоғарылаған.
Облыстағы орташа айлық көрсеткіш — 101 117 теңге. Айта кететін жәйт, экологиялық аймақта өмір сүретін қызметкерлерге 20 пайыз көлемінде қосымша үстемақы және 3 жалақы мөлшерінде сауықтыру үшін жәрдемақы қарастырылған. Мұндай үстем ақыны облыстың 5 өңірінде алады. Олар Арыс,Түркістан, Отырар, Созақ,Шардара аудандары.
Шынар Оразова