Сайрам ауданына қарасты Қарабұлақ ауылындағы № 17 мектептің шәкірттері жағымсыз иістен әбден мезі болдық дейді. Айтуларынша, қоқыс полигонына жақын орналасқан білім ордасындағылар бұл мәселені айтып құзырлы органдарға шағымданғанмен қайран болмапты. Жағымсыз жағдайда білім алып жатқан жас өрендердің жанайқайын тілшіміз тыңдап қайтты.
Қарабұлақтағы 900 орындық № 17 мектеп 2014 жылы пайдалануға берілген. Қазір бұл жерде бір ауысымда балалар білім алып жатыр. Алайда, шәкірттер жағымсыз иістен біразға дейін сабаққа кірісіп кете алмайтындарын айтады.
Қолқаны қабатын жағымсыз иіс білім ордасына 650 метр қашықтықта орналасқан қоқыс полигонынан келеді. Әкімдіктегілер мектеп құрылысы басталғанда тиісті санитарлық талаптардың сақталғанына айтады.
Тазалық пен тәртіпті сақтау үшін былтыр «Таза ауыл» мемлекеттік кәсіпорыны ашылған болатын. Бұл мекеме тиісті талаптың үдесінен шығады деп күтілген болатын. Алайда, үміт ақталмады.
Жергілікті билік өкілдері қоқыс полигонынының орнын ауыстыру бойынша тиісті жұмыстардың жүргізіліп жатқанын жеткізді. Ауылдық округ әкімінің айтуынша қоқыс орны мектептен 1 шақырымға дейін алыстатылады. Ал бұл шара қазіргі ахуалды қаншалықты жақсарта қоятынын уақыт көрсетеді.
Мақпал Рысбаева