«Жаңа күн» бағдарламасының бүгінгі қонағы Шымкент қалалық №2 перзентхананың бас дәрігері Эльмира Қожахметова:
— Биыл жаңа жыл түнінде қанша әйел босанды?
Қалалық перзентхана болғаннан кейін қаладағы бүкіл емханаларда тіркеуде тұрған әйелдер бізде босанады. Жаңа жыл түнінде 26 нәресте дүниеге келді. Ол дегеніңіз 26 отбасында шырылдаған сәбидің үні естіліп, бақытқа бөленді деуге болады. Жаңа жылдың алдында үлкен сый болғаны анық.
— Сәбилердің қаншасы ұл, қаншасы қыз бала?
— 16-сы ұл, 10-ы қыз бала.
— Жылды қорытындылайтын болсақ, жалпы 2017 жыл қалай өтті?
— Қанша дегенмен, анау жыл жаман болды, мынау жыл жақсы болды деп айтуға болмайды. Әр жылдың өзінің жақсы жағы да бар, өкінетін жеріміз де бар. 2017 жылды қорытындылайтын болсақ, жаман жыл болған жоқ. Перзентханамызда 8 400 әйел босанды. Оның ішінде егіздер де болды, үшемдер де бар. Бәрі де аман есен, аналары балаларымен үйлеріне оралды. Әр дәрігер бізде босанған әр ана үшін олардың отбасы сияқты біз де қуанамыз.
— Шала туылған балалар туралы айтып өтсеңіз… Перзентханаларыңызда нәрестелерді нешінші аптасында босандырасыздар?
— Перзентханамызда 34 аптадан бастап босандыра береміз. Олар шала туылған балалардың есебіне кіреді. Оларға күтім жасаймыз.
— Соңғы кезде перзентханаларда серіктес босану әдісін қолданып жүр…
— Серіктеспен босану дегенді біз де қолдаймыз. Ол дегеніңіз жанында жақын адам болғаны жақсы. Толғақ келгенде әйелдің жаны қатты қиналатыны белгілі. Сол кезде жанында жақыны болып, дем беріп, сөз жәрдемін беріп тұрғаны бізге де үлкен көмек.
— Перзентханаларыңызда 7-ші, 8-ші сәбиін дүниеге әкеліп жатқандар көп пе?
— Ия, ондай Батыр аналар көп. 10-шы сәбиін дүниеге әкелген аналар да бар. Қазіргі таңда жас аналар 4-ші, 5-ші сәбилерін 30-35 жасқа келмей жатып босануда. Бұл әрине қуанарлық жағдай.
— Босанып жатқандардың арасында жастар көп пе, әлде жасы 40-тан асқандар көп пе?
— Бәрі де бар. Аралас. Еліміз бойынша әрбір төртінші сәби оңтүстікте дүниеге келеді.
— Қырықтан кейін босану әйел денсаулығына қаншалықты зиян?
— Неше жаста босанса да әйел өз денсаулығына қарағаны дұрыс. Міндетті түрде есепке тұруы керек, дәрігерлердің бәрінің кеңесін ескеріп, психологтың айтқанын тыңдап, дайын болып келгендермен жұмыс істеу оңай. Өкінішке қарай есепке де тұрмай, өз денсаулығына немқұрайлы қарайтындар да жоқ емес. Перзентханаға тек босануға ғана келетіндер де жоқ емес.