Шымкенттік ана 4 баламен дәріхананың жертөлесін паналап отыр

371

Тағдыр тауқыметіне ұшыраған 36 жастағы шымкенттік ана 4 баламен дәріхананың жертөлесін паналап жүр. Кішкентай бір жарым жастағы немересі және жиені суық жерде жиі ауырады. Қуықтай ғана бөлме сыз тартқан. Жаңбыр, қар жауған күндері су сорғалайды.

Далада қаңғып қалған ана жұмыс таппай сарсаңға түскен. Үлкен қызының шәкіртақысына ілдебайлап күн көріп отыр. Басты мәселесі балаларын тіркеуге тұрғыза алмай отыр. Онсыз әрине жәрдемақы рәсімдеу мүмкін емес. Бұл жерді паналағандарына 5 жыл уақыт өтіпті.

Жанаткүл Баелова азаматтық некедегі жолдасы қайтыс болғаннан кейін осындай күйге түскен. Тұңғыш қызын туысқаны зорлаған, содан ауылдастарының өсегінен қашып қалаға келіпті. Алғашында ыдыс жуып, аула сыпырып, жүк тасып жан баққан. Денсаулығы сыр берген соң жұмыс істеуге шамасы жоқ.

Студент қызының 16 мың теңге шәкіртақысына күнелтіп отырған жайы бар. Жанаткүлдің өзі: «Дүкенге берешегім көп, коммуналдық қызмет ақысы да 100 мың теңгеден асып кетті. Жәрдемақыны рәсімдей алмай отырмыз. Әкімшілікке де, ХҚКО-на да бардым. Бірақ жарты жылдан асты ешқандай жәрдем жоқ. Тіркеуге тұруға көмек бере алмай отыр. Балаларыма жаным ашиды. Жақсы жұмыс тауып алсам дұрыс болар еді» дейді.