Шыны аялдаманың Шымкентке қажеті жоқ

548

Жазда күнге, қыста суыққа қалқан бола алмайтын аялдамалар да бар. Шымкент тұрғындары автобус тоқтайтын орындардың сапасына наразы. Айтуларынша, мұндай нүктелерде қоғамдық көліктерді күту мүмкін емес. Ал шаһардың кей елдімекендерінде аялдама, тіпті атымен жоқ.

Қар жауғанда біздегі аялдамалардың автобус күтуге қаншалықты ыңғайлы екенін бірден көруге болады. Бүгін Нысандар жан-жақтан бораған қар мен улеген желге қалқан бола алмай тұр. Әсіресе сазарып көлік күткен балаларға обал болды дейді тұрғындар.

Ал кей жолаушылар мұндай нысанға да зар. Себебі, кейбір нүктелерде аялдаманың аты бар да заты жоқ. Мысалы, мына аумақта автобус күтуге орын да қарастырылмаған. Былтыр қаладағы аялдамаларды күтіп баптауға бюджеттен 22 млн. теңге қаралыпты.
Қаражаттың қомақты бөлігіне шаһардың 25 нүктесіне шыны панельді, типтік үлгідегі аялдамалар орнатылған. Алайда, қыста суыққа, жазда күнге қалқан бола алмайтын нысандардың кейбірі қазірден бұзылып, шаһардың шырайын бұзып тұр. Салаға жауаптылар мердігерлер 2 жыл ішінде ақауларды өз есептерінен қалпына келтіреді деп сендіреді.

Шымкентте бүгінде 1200 ден астам аялдама бар. Оның жартысына жуығы коммуналдық, қалғаны жекенің меншігінде. Салаға жауаптылар бүгінде қалаға 300-ден аса аялдама қажет дегенді айтады. Тағы бір білгеніміз, бұдан былай қалаға типтік үлгідегі шыны аяладамалар орнатылмайтын болыпты. Темір конструкциялы нысандарға тапсырыс беріп отырмыз дейді жауапты мамандар.

Мақпал Рысбаева