Шымкент: Аялдамалар жаңартылуда

54

Үшінші мегаполис  бүгінде заманауи аялдамалармен толығуда. Жыл басында екі жаңа «Smart» аялдама орнатылған еді. Жолаушыларға кондиционері бар, тегін интернетпен қамтылған жайлы аялдамалар ұнаған болатын. Мұнда қаланың картасы мен маршрут бағыттары көрсетілген тақтайша да орнатылған.

Үлкен қалаларда бар осындай ыңғайлы аялдамалар орнату жайлы тұрғындар қала билігіне өтініш айтқан болатын. Көп ұзамай жергілікті билік өтінішті тап тұйнақтай орындады. Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, бұл жоба толығымен жергілікті инвестор қаражаты есебінен жүзеге асырылған. Бір аялдамаға жұмсалған қаржы көлемі 8 миллион теңгені құрайды.

Шымкентте бүгінде заманауи аялдамалар орнату жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Қала бойынша жалпы 1886 аялдама орны бар болса, оның 1444-і павильонмен қамтылған.

Осы қажеттілікті қамтамасыз ету үшін 2025 жылға дейін 900 жаңа үлгідегі аялдама қала көшелеріне орнатылады. Өткен жылы 260 аялдама орнатылса, биыл 150 орын жаңа павильонмен қамтылады. Кейінгі жылдары 300 аялдамадан орнатылатын болады. Осылайша жаңа үлгідегі аялдамалар үлесі 83,2 пайызға жетеді.

Шалғай елді мекендердегі 326 орынға орталық көшеден босаған аялдаманы демонтаж жасап, қайта орнату жоспарлануда.

Биылғы жұмыс та ауқымды. Шымкенттегі ескі аялдамалардың 178-і жаңартылды. Оның ішінде Қ. Төлеметов, Ізгілік, Патеев, Желтоқсан, Исмайлов, Жібек жолы сияқты бірнеше көшелер мен Тәуке хан, Республика, Бәйдібек би даңғылдары бойындағы аялдамалар бар. Барлығы жаңа типте салынған.

Жолаушылар көлігін дамытудың кешенді схемасына сәйкес орнатылған аялдамалар шыныдан жасалған. Қоғамдық көлікпен жүретін көпшілік үшін барлық жағдай оңтайландырылған.

Ал, қолданысқа жарамды ескі аялдамалар қалаға іргелес жатқан елдімекендерге атап айтқанда, Жыланбұзған, Маятас пен Қарабастау тұрғын алаптарына орнатылуда.
Сала мамандары аялдамалардың ұзақ сақталып, шаһар көркін кіргізіп тұруы – сапасына ғана емес, қала тұрғындарының істелінген жұмысқа жауапкершілікпен қарап, орындықтарды сындырмай, тұрған орнын бүлдірмей таза ұстауына да байланысты екенін айтады.

Қазіргі таңда Шымкентте 1 886 аялдама бар. Алдағы уақытта олардың қатары толығатаны болады.