«Сырымды саған айтам, Қожа»

1130

«Сырымды саған айтам, Қожа». Иманәлі Бегалының жаңа кітабының тұсаукесері Отырар кітапханасында өтті. Аға буын бүгінгінің кітап оқымайды деп баға берген балалары аталған тұсаукесерге белсене қатысты. Кітап неге бұлай аталды? Басты кейіпкер сырын неге Қожаға ғана арнады екен?

ХХ ғасырдағы балалардың сүйікті кейіпкері болған Қожаға бүгінгі дәуірдің бала Есені жан сырын ашады. Сезімтал, жан дүниесі пәк, арманшыл бала өзінің замандастарының көңіліне қонбайтын қылықтарын, болашаққа деген сенімдерінің жоқтығын қиялында сомдап алған періште пейілді кейіпкеріне ойша сыр ғып шертеді. Бұрынғы мен бүгінгінің тоғысқан, сырласу сағаты деуге келеді.

Бегәлі Иманәлі, жазушы: «Осы соңғы «Сырымды саған айтам, Қожа» кітабы тәуелсіздік жылдардағы жеткен жетістіктер, тәуелсіздіктің жастары, олардың өмірі, арманы мінез құлқы толық қамтылған. Осы кітабымды көпшіліктің талқылауына ұсынып отырмын. Бұдан кейін де қарап отырмай, шығармашылығымды жалғастыра беремін. Жастарды тәрбиелеу менің басты ұстанымым.

Автор 40 жыл бойы білім саласында қызмет еткен. «Бала жанының инженері» десе де болады. Зейнеткерлікке шыққан соң да отбасы, ошақ қасында қалып қоймай қоғамдық жұмыстарға белсене араласып келеді. Бүгінде Ардагерлер кеңесін басқарады. «Ұстаз ұлағаты», «Өмір жолы тар соқпақ», «Біз айтты демеңдер», «Өнегелі өмір» кітаптарының авторы.

Аружан Ерқұл, оқушы: «Мен бұл кітапты оқи отырып өзімнің азаматтық міндетімді түйсіндім. Өнегелі өмірді дәріптейді. Әр оқыған сәтте өзімнің қандай сезімде болғанымды айтып жеткізе алмаймын. Болашаққа деген сенімімді нықтады».

Бұрынғының Қожасы мен бүгінгінің Есенінің ойша сырласуы балаларды жалықтырмайды, көркем тілмен өрнектелген шығарма «енді не болар екенмен» қызықтырып отырады. Бастысы жастар тәрбиесіне тамшыдай болса да үлес қоса алатындығымен ұтымды. Бала жүрегіне жол табатындай тіл шеберлігімен ұнамды… Кеш барысында әжелер ансамблі әннен шашу шашса, оқушылар автор шығармасынан «Ұстазсыз өткен жиын» атты қойылым көрсетті. Басты кейіпкердің Қожаға айтар сырының бәрін жаттап алған. Ал біз балалар кітап оқымайды дейміз…

Гүлжан Көшерова