Төлқұжат рәсімдеу қымбаттады

1 қаңтардан бастап елімізде жаңа Салық кодексі күшіне енді. Тың өзгерістерге сәйкес тұрғылықты мекенжай бойынша тіркеуге тұру үшін мемлекеттік баждан ұстап қалу қызметі тоқтатылды. Осы уақытқа дейін бұл қызметтің бағасы 227 теңге тұрған болатын. Десе де шетелдік төлқұжат иелері үшін мемлекеттік баждың мөлшері екі есеге, нақтырақ айтқанда 4-тен 8 АЕК-ке артты. Бұдан былай оның бағасы 19 мың 240 теңге тұратын болады.

Төлқұжатын рәсімдеуге келген Айгерім Абдуллаева еш күрделіксіз маманға құжаттарын тапсырды. Ол Жаңа Жылдан бастап төлқұжатқа төлемдердің екі есе қымбаттағанынан хабардар. Өйткені жылдың соңында осында отағасымен келіп ұзын сонар кезектің салдарынан төлқұжаттарын рәсімдеуге үлгере алмаған. Былтыр төлқұжатқа төлем 9 мың 76 теңге болса, 2018 жылдан бастап азаматтар төлқұжатқа 19 мың 240 теңге төлейді. Емделу үшін Өзбекстанға баратын отбасы үшін бұл үлкен шығын. Өйткені екеуі төлқұжатқа 38 мың 480 теңге төлем жасады. Өзге азаматтар да бұл сома отбасы бюджетіне үлкен салмақ дейді.

Көші қон қызметі мамандары Қазақстанда 1 қаңтардан бастап жаңа Салық кодексі күшіне енгені, ондағы жаңа өзгерістің бірі төлқұжат алу кезіндегі мемлекеттік баж көлемінің артқаны жайлы тұрғындарды ақпараттандыруда. Салық кодексінің 615-бабына “Өзге әрекеттер орындау үшін мемлекеттік баж мөлшерлемелері” сәйкес, қазақстандық төлқұжат алу үшін төлем екі есе өскен, дейді олар.

2018 жылы 1 АЕК – 2 405 теңге болып бекітілген. Жылдам жасалған төлқұжат үшін азамат бұрынғыша 1 989 теңге төлейді. Мекен жайы бойынша тұрақты, уақытша тіркелу үшін енді төлем жасамайды.

Қанат Тұрлыбеков, ОҚО ІІД Әл Фараби ауданы бойынша көші қон полициясы бөлімінің өкілі
Айта кететін жәйт, Қазақстан азаматының жеке куәлігін алу үшін жаңа Салық кодексі бойынша бұрынғы баж көлемі тағайындалды – 0,2 АЕК. Яғни, 2018 жылы 481 теңге болып бекітілген.

Шынар Оразова