«Тендер» неліктен кеш өткізіледі?

300

«СК-Фармация» науқастарға тегін берілетін дәрі-дәрмектің 9 айға қажетті мөлшерін сатып алмақ. Ол үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы арқылы 62 млрд теңге сомасына 488 дәрі-дәрмек түрін сатып алады. Аталмыш конкурс өткен жылғы желтоқсанда өтуі тиіс болған. Ал, қазір конкурс қорытындысы жарияланып, дәрілік заттар тиелуі керек еді.

ҚР ДСМ Фармация комитетінің төрайымы Людмила Бюрабекова «тендердің» неліктен кеш өткізіліп жатқанын түсіндірді. Комитет басшысының айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігі тегін дәрілер тізімін жасау кезінде сирек кездесетін және күрделі ауруларға басымдық берген.

«Бірінші кезекте, әлеуметтік маңызды індеттерге көңіл бөлінді. Сирек кездесетін орфандық аурулар. Мысалы, туберкулез, онкология, қант диабеті, ЖИТС, В және С гепатиті дерттеріне басымдық берілді. Онда аурулар тізімі үлкен – 49-дан астам ауру түрі бар. Қазір біздің тізімге С гепатитінің жаңа аралас терапиясы қосылды», — деді Людмила Бюрабекова.

Атап өтсек, бүгінгі «тендердің» аукционы 1 ақпанда жалғасып, сол күні тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында дәрі-дәрмек жеткізетін компаниялар белгілі болады. Ақпан айында сатып алынған дәрі-дәрмек Бірыңғай дистрибьютор қоймаларына түседі деп жоспарланып отыр.