Арыс қаласында жаны жомарт жандар қайырымдылық акциясына мұрындық болып отыр. Қала әкімдігінің бастамасымен және жеке кәсіпкер Мейрамхан Әміреевтің қолдауымен Арыс қаласының орталығында орналасқан «Отар-Жұмахан» сауда үйінде «Жылулық сыйла» атты игі іс-шара бастау алды. Тұрмысы төмен отбасылар және мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін киім-кешек тарату орны ашылды.
Түрлі киімдерді бас және аяқ киімдерді қаңтар айының алғашқы күнінен бастап алуға болады. Аталған игі шара тұрақты түрде жүргізіледі. Тағдырынан теперіш көріп тарыққан жандар үшін қамқорлық акциясының көрсетер көмегі көп болмақ. Осындай игі іске бастаушы болған қайырымды жандарға қарапайым халықтың айтар алғысы шексіз. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта мұндай игілікті іс өзге аудандарда да бастау алатынына сенімді.