Қоғамдық көлік те «тендерге телмірулі»…

583

Жаңаталаптықтар № 125 бағытында қатынайтын «Газель» шағын көліктерін толық автобустармен ауыстыруды талап етуде. Қала іргесіндегі тұрғындардың талабы орынды екенін биліктегілер де біледі. Күрделілікті шешуге уәде де берген.

Шағын автобустарды бағытқа шығару наурызда өтетін мемлекеттік сатып алу конкурсы барысында қолға алынбақ. Ал әзірге барды қанағат тұтуына тура келеді. Қаланың іргесіндегі «Жаңа Талап», «Игілік» тұрғын алаптарына қатынайтын № 125 бағытқа екі автобус қосты. Осылайша, «Газель» көлігіне сыймайтындардың мәселесін шешпек. Алайда тұрғындар «ол аздық етеді» дейді.

Өйткені таңғы уақытта қоғамдық көлікке отырудың өзі мұң. «Жаңа талаптан «толып келген көлікке «Игілік» тұрғын алабының тұрғындары сыймай, жол жөнекей жеңіл көлікке отыруға мәжбүр. Әзірге № 125 бағытта қатынайтын қоғамдық көліктің басым бөлігі «Газельдер». Қоғамдық көлік кондукторы «Бүгін бағытқа 20 «Г»азель мен екі автобус шықты», — дейді.

Б. Тәліпова, «Игілік» тұрғын алабының тұрғыны: «Бір автобус аздық етеді. Қаншама адамдар бар. Қариялар, оқушылар, студенттер. «Газель» пәс, тұрудың өзі қиын. Жергілікті биліктегілер ойлануы тиіс».

Жаңаталаптықтардың мәселесі аудан әкімдерінің халық алдында берген кезекті есепті жиындарында да көтерілген болатын. Тұрғындардың бағыттағы «Газельдерді» шағынавтобустарға алмастыру өтініші қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімімен қаралуда. Сөздеріне сенсек, наурызда өтетін «тендердің» қорытындысы бойынша шешімін тауып қалады.

Жарқын Байдуллаев, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары: «Наурыз айында мемлекеттік сатып алу конкурсы өтеді. Сол кезде шағын автобустары бар компаниялармен келісімшарт түземіз».

Жаупатылар жолаушылардың сұрауын тек наурыз айында ғана қанағаттандыра алатынын айтады. Әсіресе, қала шетіндегі шағынаудандарға үлкен автобус бөлуді қарастырып отыр екен. Дәл сол уақытта №125 бағыттағы «Газельдер» автобустармен алмастырылатын көрінеді.

Шынар Оразова