Қ. Тоқаев: «Тендер өтпей жатып кімнің жеңетіні белгілі болады»

73

Қазақстанда мемлекеттік тендерлар әділ өтпейді. Мысалы, соңғы екі жылда «Қазавтожол» техникалық қадағалау қызметі 99 сатып алу конкурсын өткізген. Бірақ, оның тең жартысын иесі бір, атауы басқа төрт компания жеңіп алыпты. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесте айтты.

Мемлекетті сатып алу саласын сынға алған мемлекет басшысы ережелердің көбі формалды екенін жеткізді. Айтуынша, оның ауқымдылығы жұмысына адал қызметкерлерге қорқынышты көрінеді.

Мемлекеттік тендерлерге репутациясы дұрыс, тиісті техникалары мен білікті қызметкерлері бар, салықтарды уақытылы төлейтін жеткізушілер қатысуы керек дейді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: «Қазір біз сыбайлас жемқорлықты нақты жоюдың орнына бюрократиялық процестердің жүріп жатқанын көріп отырмыз. Жеткізушіні таңдау рәсімдері бірнеше айға созылады. Бірақ содан болып жеткізілетін тауардың немесе көрсетілетін қызметтің сапасы артып, сатып алу процесі адал арнаға түсіп жатқан жоқ».

Сонымен қатар, ел президенті бүгінде барлық нормативтікке қарамастан, белгілі бір тендерді кім жеңетіні алдын ала белгілі болып отыратын айтты. Алдағы уақытта бұл олқылықтың орнын толтыру керек деді.

Мысалы, Қарағанды қаласында орын алған жайттан да «бармақ басты, көз қысты» әрекетті байқауға болады. Себебі, бұған дейін жеке кәсіпкер лицензиясы болмаса да «Лифтке техникалық сервис көрсету» тендерін жеңіп алып отырған. Алайда, жеңіл жолмен пайда таппақ болған кәсіпкер өз міндетін дұрыс атқармай келіпті. Мамандардың сөзінше, механик лифтіні ай сайын қарап, әр тетігін бақылап жүру керек. Ал шағын жеке кәсіп өкілдерінде мұндай штаттық құрылым жоқ. Сондықтан, мұның салдары ауыр болуы мүмкін. Бұл жағдайдан да зардап шегетін тек-халық.

Ал Қасым-Жомарт Тоқаев «Еститін үкімет» мұндай жағдайды ескеруі тиіс деп отыр.

                                                                                  Мөлдір Ибадуллаева