Бүгін күнгейде — Өлкетану күні. 1- наурыз Алғыс айту күні мерекесі қарсаңында өтіп жатқан онкүндіктің жетінші датасы. Туған өлкенің тарихына тағы бір шолу жасағандар жастармен кездесті. Тарихи орындарды жұртшылық санасында қайта жаңғырту мақсатында ашық №45 мектеп гимназиясында өлкетану сабағын өткізді.
Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен № 45 мектеп- гимназиясында «Туған жер-тұнған тарих» тақырыбында іс шара өтті. Арнайы шақырылған этномәдени бірлестіктердің төрағалары, зиялы қауым өкілдері жастарға туған жер тарихы және де түрлі ұлт-ұлыс өкілдері арасындағы достық, ауызбіршілік жайында әңгімелеп берді.
Шара барысында оқушылар Алғыс күнінің шығу тарихы, Кеңес Одағындағы тоталитарлық жүйедегі жаппай қуғын-сүргін кезеңіндегі күштеп қоныс аударылған халықтардың ауыр тағдырымен танысты. «Сонау қиын қыстау кезеңді иық тіресе бірге еңсеруге қолдау көрсеткен қазақ халқына алғысымыз шексіз», — дейді жиынға қатысушылар.
2016 жылғы 14 қаңтарда Қазақстан республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні 1 наурызды елімізде «Алғыс айту» күні деп жариялаған еді.
Ынтымағы жарасқан білім ошағында түрлі ұлт өкілдері оқып, тәрбие алады. Аға буынның өмірлік жолы олар үшін үлгі өнеге.
«Менің ата-әжемнің айтуынша кәрістер жапондарға ұқсағандықтан өткен ғасырдың 37 жылдары оларды қазақ жеріне күшпен қоныстандырған екен. Қазақтардың тұрмысы ауыр болса да, олар барлық ұлт өкілдерімен бір үзім нанды бөлісіп, пана бола білген. Сондықтан да біз бұл күні оларға алғыс айтуымыз керек», -дейді мектеп оқушысы.
Айта кететін жәйт, облыста жоспарланған онкүндік іс шара 27 ақпан — Келісім күні, 28-не Ықылас күні және 1 наурыз — Алғыс күнімен қорытындыланбақ.
Шынар Оразова